Өнер музейінде өткен танымдық шарада құрсақ шашу, ат қою, шілде күзету, тұсау кесу, айдар қою, үш кемпірдің астынан өткізу сонымен қатар жақсының орнына аунату сынды салт-дәстүрлер насихатталды. Оның ішінде тұсау кесу ғұрпын арнайы сахналады.
"Біздің халқымыздың ұмыт бола бастаған, тіпті қазір қолданыста жоқ болып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртып, көпшілік көрерменнің назарына ұсынып отыр. Әсіресе жас ұрпақтарымызға мұның тәрбиелік мәні зор. Қайтадан жаңғыртып, қайта сабақтап, үйретіп жатқан осы орталыққа алғысымызды білдіреміз",-деді Шығыс Қазақстан облысы өнер музейі директорының орынбасары Есенбай Нақтыбайұлы.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы дәстүр сабақтастығын жалғастыру арқылы ұлт рухын сақтау және қазақ халқының рухани байлығын құндылық ретінде насихаттауды көздейді. Өскемендіктер насихатталған салт-дәстүрлер ішінде өңірге таңсық болғандары барын айтады.
"Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қашанда осы ұрпақтарға салт санамызды жалғастырып, дәріптеп қоян-қолтық араласып, сіздердің білмегенді біз біліп, біздің білмегенді сіздер біліп алтын көпір болып бұдан әрі жалғаса беруіне тілектеспіз. Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, көп рақмет",-деді Шығыс Қазақстан облысы Қасым Кайсенов кенті әжелер алқасының төрайымы.
Шара ұйымдастырушылары қазіргі таңда жас ұрпақтың санасында дәстүр мен салтқа деген көзқарастың әлсіреп, кейбір ұлттық құндылықтардың ұмыт бола бастауы байқалатынын жеткізді. Сондықтан, ұмыт қалған немесе сирек қолданылатын дәстүрлерді қайта жаңғырту маңызды екенін айтады. Орталықтың бұндай танымдық іс-шаралармен еліміздің басқа өңірлеріне бару жоспарда бар.