Шымкент қалалық қуыршақ театры бүлдіршіндердің асыға күткен 43-ші жаңа маусымын салтанатты түрде ашты. Театр ұжымы бұл жолы да жыл сайынғы дәстүрін жалғастырып, кішкентай көрермендерді қуаныш пен қызыққа толы думанды мерекемен қарсы алды.
Бұл күні театр залы кішкентай көрермендерге толып, олардың шат күлкісі мен бал-бұл жанған жүзі мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Әсіресе сахнадан шыға келген сүйікті ертегі кейіпкерлерін көрген балалардың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар қуыршақ кейіпкерлерімен бірге шаттанып, әрбір қимылына елітіп, сахнадағы оқиғаларды шынайы қабылдады. Сахна шымылдығы түрілген сәттен-ақ ертегі әлемінің бояуы қанық, қиялы кең көрінісі балаларды баурап алды. Жарқыраған шамдар астында қаз-қатар тізілген қуыршақтар тіріліп кеткендей әсер қалдырды. Қойылым аяқталған соң да кішкентай көрермендер қуыршақтарды сахна сыртына шығарып салғысы келіп, қоштаспай біразға дейін қол бұлғап тұрды.
Бұл жолғы қойылым Виктор Орловтың «Мейірбан қасқыр» атты ертегісі. Әдетте халық жырларында жауыз, қатал, айлакер ретінде көрінетін қасқыр бұл жолы мүлде басқаша қырынан көрсетілді. Автор оның бойына мейірімділік пен қамқорлықты дарытып, балаларға өзгеше ой салуды мақсат еткен.
Қойылым барысында сахнада қу түлкінің қулығы мен алтын жұмыртқалайтын тауықтың тағдыры өрбиді. Түлкі айласын асырып, әлсізді қолға түсіруге тырысады. Осы кезде мейірімді қасқыр сахнаға шығып, әділеттің туын көтереді. Қасқырдың әкелік махаббаты оянып, түлкінің арам ойын жүзеге асыртпайды. Бұл сәт жақсылық пен жамандықтың күресін айқын көрсеткен көрініс болды.
Қуыршақ кейіпкерлерінің шынайы қимылы мен әсерлі үніне балалар сүйсіне қол соқты. Әсіресе қасқырдың қамқор бейнесі бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды. Кейбір балалар қасқырды көргенде «міне, нағыз батыр!» деп шаттанып, қуаныштарын жасыра алмады. Ал түлкінің айлакерлігіне ду күлген кішкентай көрермендер ақыры оның жеңілгеніне мәз-мейрам. Қойылым балаларға тек қызықты сәттер ғана емес, терең тағылым да сыйлады. «Мейірбан қасқыр» арқылы жас көрермендер мейірімді болуды, әлсізді қорғауды, ата-ананы сыйлауды, адалдық пен әділетті қадірлеуді үйренеді.