Жексенбі, 17 Тамыз 2025 22:26

Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай мерекелік кеш ұйымдастырылды

Биыл ҚР Мемлекеттік Әнұранның авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай туған жері Отырарда «Әнім сен едің» атты керемет концерт өтті.

Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, тарихи өңірде бастау алған бүгінгі өнер кешінің маңызы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек және Шәмшінің қарындасы Райхан Домбаевалар Отырар өлкесінде дүниеге келіп, қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы композитордың әндерін насихаттауға бағытталған шараның ұйымдастырушыларына алғысын айтты.

Алдымен қонақтар орталық алаңдағы ұлы композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң жиналған көпшілік Шәмші музей-үйі ұсынған жәдігерлермен танысты. Онда біртуар тұлғаның музыкалық аспаптары, жеке заттары қойылған. Арнайы дайындалған кітап көрмесін де, белгілі суретші Мәлік Әділханның туындыларын да тамашалады. Өнер кешінде ұлы композитордың өмір жолы насихатталып, өміршең әндері шырқалды. Досымжан Таңатаров, Мирас пен Құралай, Хадиша Шалабаева, Еркін Нұржанов, «Меломен» тобы бастаған қазақ өнерінің жарық жұлдыздары мен Шәмшінің есімін иеленген облыстық филармония ұжымы естен кетпес кеш сыйлады.

Ұлы композитордың әрбір әнінің өзіндік сыры, тарихы бар. «Сыған серенадасы», «Өмір-өзен» сынды әндерінің тарихы сазгердің соқтықпалы, соқпақсыз өмірінен сыр шертеді. Кеш соңы әншілер тобы орындаған «Шалқыған Шәуілдір» әнімен қорытындыланды. Шәмшінің әуені мен Отырардың шежіресі ұрпақ жадында мәңгі жаңғыра бермек. Айта кетейік, облыс тарапынан Шәмшінің есімін жаңғырту бағытында жүйелі жобалар іске асуда. Екі жыл қатарынан Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы «Қазақконцерт» залында филармония ұжымы «Ән аға – жан аға» ән кешін өткізді.

Ендігі жерде Шәмші Қалдаяқов туралы бірер сөз айта кетсек. Қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған композитор, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келді. Оның әндері республикамыздың қай өңірі болмасын жиі айтылып, ән сүйер қауым арасына барынша кең тараған. Ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айырықша  із қалдырған Ш.Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы, сазгердің серісі. Біз ес білгелі бері  еліміздің кең байтақ даласымен аспанында қалықтаған, махаббат пен сағыныш сезіміне толы, қайталанбас Шәмші әуендері мәңгілік әуелей беретіні ақиқат.

Табиғат ерекше дарын иесі еткен дара тұлға Шәмші Қалдаяқовты қазақ баласы есінен шығармас. Кең жүрегімен табиғат берген дархан, дарынды Шәмші ағамыз өзінің жүрек тербейтін, қиял қозғайтын, терең ойға шомылдыратын ғажап әндерімен халқын байытатын, олардың өмір сүруге құштарлығын арттыратынШәмші Қалдаяқов пианиноны да, домбыраны да жосылта тартатын еді. Қысқаша айтқанда тұла бойы тұнған өнер болатын.
Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар Ш.Қалдаяқов кеудесін қағып, мен атақты композитормын деп бір сәтте мақтанған жан емес. Қашанда өзінің қарапйымдылығымен ізгілігі мол адам ретінде бүкіл қазақ халқының жүрегінен мәңгі орын алды.

1950 жылдан бастап шығармашылықпен айналысқан Шәмшінің әндері елге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген шексіз сүйіспеншілікке толы болды. Әндеріне Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындар өлең жазды. Қазақтың кең даласын жырға қосқан «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» сынды әндері халық жүрегінен орын алды. Ал шаттыққа толы «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» шығармалары 60–70 жылдары сазгердің танымалдылығын тіпті арттырды.

Шәмші асыл арманына апарар жолдан біраз ауытқып, алғашында Қапланбектегі зооветтехникумды бітірсе, кейіннен әскери училищеге түседі. Ақыр аяғында, өнерге деген ынтасы тыным бермей Ташкенттегі музыкалық училищеге оқуға түседі. Дәл осы кезде Ташкентке ән сапармен Жамал Омарова келеді. Шәмші онымен танысып, Жамал апай болашақ композитордың үлкен өнер жолына түсуіне септігін тигізеді. Алғаш рет оның "қайықта" әнін дәл осы әнші орындаған болатын. «Жамал Омаровамен концерт біткеннен кейін кездесіп, өзінің көңілде жүрген ойлары мен өлеңдерін ол кісіге көрсетеді. Сөйтсе, Жамал апа оның талантын байқап, Өзбекстанда қанатын кеңге жая алмайтынын айтып, Қазақстанға, Алматыға алып кетеді» – дейді Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Қалдаяқова.

«Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым», — дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде. 1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Алайда, әлдебір себептермен Шәмші диплом ала алмай қалғандықтан өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрді. Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

«Шәмші алдымен ән жазатын. Дегенмен, поэзиядан да құр алақан емес еді. Бірде, Төлеген Айбергеновтың "Арман сапары" деген, 50-60 беттік кітабы шықты, бағасы 6 тиын тұратын. Сонда, Шәмшінің жазған өлеңі "Тым аз екен өлеңінің қатары, 6-ақ тиын тұратын қандай арман сапары" деп өлеңдеткен болатын» дейді Шәмші Қалдаяқовтың досы Мұхтар Шаханов.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жыр жолында айтылғандай, алтынымызды дер кезінде тани алмай өткеннен соң аяулы болып, алтын сөзімізді қиып жататынымыз рас. Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды. 2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы небір ән байқаулары өтіп, Шәмшінің рухын асқақтатып жатырмыз. Шымкент қаласындағы облыстық филармония, Шымкентте, Алматы қалаларында көше аты, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған. Ең бастысы - Шәмшінің «Қазақстаным» әні әнұранға айналды. Шәмші әні ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше. Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 167 рет