Жексенбі, 06 Шілде 2025 20:43

Отырар ауданы: Ұлттық Домбыра және Астана күні мерекелері қатар тойланды

Елімізде жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық Домбыра күні атап өтіледі. Биыл бұл мереке 6 шілде – Астана күні мерекесімен қатар тойлануда.  Осы орайда бүгін Отырар ауданында Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік жиын өтті. Еліміздің бас қаласы – Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Астана – арман қала» және «Күмбірле, киелі домбыра!» атты мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, тұрғындарды қатар келген қос мерекемен құттықтады.

Ол өз сөзінде: « Ардақты ағайын! Бүгін біз елдік пен руханияттың, тарих пен болашақтың терең тамырын тоғыстырған қос бірдей мерекені – 1 шілде – Ұлттық домбыра күнін және 6 шілде – Астана күнін салтанатты түрде атап өтіп отырмыз. Ұлттық домбыра күні – тек музыкаға ғана емес, тұтас ұлттың болмысына, рухына, өткен тарихына деген құрметтің белгісі. Домбыра – бабалар үні, дала сарыны, ұрпақтар арасын жалғаған алтын көпір. Домбыра арқылы біз тарихты естиміз, елдік мұратты сеземіз. Бұл – Мемлекет Басшысының бастамасымен белгіленген мерейлі мейрам, ұлттық сананы жаңғыртатын маңызды күн. Ал, Астана күні – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірін айшықтаған, елдің дамуына серпін берген маңызды мереке. Астана – бұл тек географиялық орталық емес, бұл – жаңғыру мен жаңашылдықтың, татулық пен тұрақтылықтың символы. Елордамыз – еліміздің абыройы, тәуелсіздігіміздің тірегі. Бүгінгі қос мерекенің тағылымы – ұлттық мұра мен мемлекет болашағының сабақтастығында жатыр. Өткенді ұлықтап, болашаққа сеніммен қарау – ұлттың кемелдігі деп білемін», - дей келе ауданымызда еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға атсалысып жүрген азаматтарға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының алғыс хаттарын табыстады.

Мерекелік іс-шара аясында жергілікті өнерпаздар мен өнер ұжымдары елорданың дамуын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ән-күйлерді көрермен назарына ұсынды. Кеш бағдарламасы елдік рухты асқақтатып, ұлттық өнерге деген құрметті арттырды. Шараға жиналған тұрғындар мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше әсермен тарасты. Концерт – ұлттық сана мен руханияттың жарқын көрінісіне айналды.

Ендігі жерде қос мерекенің әрқайсысы туралы азды-көпті әңгіме өрбітсек. Астана – тәуелсіз Қазақстанның символына айналған, заманауи және серпінді дамып келе жатқан қала. Бұл күн – ел тарихындағы маңызды бетбұрысты еске алып, елорданың жетістіктері мен болашағына үмітпен қарайтын күн. Астана – елдің жүрегі. Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған соң, 1998 жылдан бастап ресми түрде ел астанасы атанды.

Астана — архитектуралық әсемдігімен, заманауи инфрақұрылымымен және мәдени өмірімен ерекшеленетін мегаполис. «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» кешені, «Астана Опера», «EXPO» көрме кешені – осының бәрі елорданың бет-бейнесін айқындайтын ерекше нысандар. Астана күні – бұл тек қала мерекесі ғана емес, ол бүкіл елдің дамуы мен жаңаруының көрінісі. Бұл күні елімізде түрлі мәдени іс-шаралар, концерттер, көрмелер мен отшашулар ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл мерекені қуанышпен атап өтеді.Астана – болашақтың қаласы. Ол – бірлік пен бейбітшіліктің, тұрақтылық пен дамудың символы. Осы күні әрбір азамат елордаға деген мақтаныш сезімін білдіріп, оның гүлденуіне өз үлесін қосуға тырысады.

Астана күні бүгінде жалпыхалықтық мейрамға айналды. Бұл мерекені еліміздің әр өңірі ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Бұған қоса, 6 шілде күні қазақстандықтарға бір күн демалыс беріледі. Нұр-Сұлтанда мейрам қарсаңында басталатын шаралар айдың соңына дейін жалғасады. Мереке күндері алыс-жақын өңірлерден қонақтар ағылады. Бұл күндері түрлі концерттер, спорттық сайыстар, халықтық серуендер, фестивальдер өтеді, жас жұбайлар некесін қидырады. Мереке соңы дәстүрлі отшашумен аяқталады.

ХІХ ғасырдың басынан бері тарихтағы өзгерістердің бастауы болған ескі қаланың жаңа мәртебеге сай болуы үшін келбетіне ерекше мән берілді. Астанада жаңа құрылыс жобалары жүзеге асырылды, жаңа астананың танымал символдарына айналған ғимараттар салынды:

Қазақстанның Ұлттық музейі. Бұл – Орталық Азиядағы ең үлкен музей. Бейбітшілік және келісім сарайы. "Астана" орталық концерт залы. "Хан-Шатыр" ойын-сауық орталығы – әлемдегі ең үлкен шатыр. Астана күніне орай елорданың көрнекті ғимараттарының маңайы түрлене түседі. Бұл аумақтар мерекелік концерттер, көрмелер және басқа да бұқаралық іс-шаралар өтетін орынға айналады.

Астана елорда мәртебесіне ие болғаннан кейін 2017 жылға қарай миллионнан астам тұрғыны бар қалаға айналды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Қазіргі статистика бойынша Астана қаласының 1 миллион 576 335 мыңнан аса тұрғыны бар.Елорда тұрғындарының басым көпшілігін титулдық ұлт өкілдері құрайды. Бүкіл Қазақстандағы сияқты мұнда да ондаған өзге этнос өкілдері тұрады. Түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруінің арқасында 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға "Бейбітшілік қаласы" атағы берілді.

Енді домбыра туралы сыр шертсек... Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі барҚазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген.

Домбыра атауы қайдан шыққан?

"Домбыра" атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады.

Кей деректерге сүйенсек, "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, "домбыра" сөзі "қозы құйрық" сөзімен байланысты "дунбаһ" және "бурра" деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.        

Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі "дөп бұра", "дәл бұра", "дем бұра" деген сөздердің тізбегінен жасалған. Тағы бір деректерде "домбыра" атауы "дом+бұра" деген сөздерінен шыққан делінеді. "Дом" сөзі қазір "домығып, ісініп кету" мағынасында қолданылып жүр. Ал "бұра"  "күйге келтір" дегенге саяды.

Домбыра тарихы

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді.

1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды. Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.

Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің "Музыкалық канон" трактатында айтылды.

Домбыра жайлы аңыз

Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында.

Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр "е, бұл сайтанның ісі болды ғой" деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін "шайтан тиек" деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.

Домбыра түрлері

Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған. Мәселен, ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді. Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.

Олардың бірсыпырасы:

ән мен күй домбырасы,

торсық,

тұмар,

кең шанақты,

балдырған,

балашық,

шіңкілдек,

аша,

үш ішекті,

қуыс мойын,

шертер.

Оркестр домбыралары:

қоңыр дауысты (альт),

жіңішке дауысты (прима),

ащы дауысты (секунда),

бас домбыралар.

Домбыра құрылысы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Қақпақ – бетқақпақ деп те айтылады.Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшегі бар: тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік. Домбыра тиегі үш түрлі болады: шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек. Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра күйлері

Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің кұрылымына байланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді. XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі "Қазақ  халқының 1000 әні" кітабында: "Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз" дейді. Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 33 рет