Аталған жоба аясында 15-ке жуық ерекше баланың аудан орталығы мен өлкенің көрікті жерлерінде түсірілген ерекше сәттерінен құралған фотокөрме ұйымдастырылды. Бірнеше күнге созылған жобаның жабылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова арнайы қатысып, балалар мен ата-аналарға ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, барлық қатысушы балаларға аудан әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Жобаның авторы, ақын, ұстаз, мемлекеттік «Шапағат» медалінің иегері Әсел Бимырзаева шараның негізгі мақсатына тоқталып, ерекше жандарға көрсетілген қолдау үшін аудан басшылығына алғысын жеткізді. Көрме барысында жиналған жұртшылық балалардың түрлі стильдегі киім үлгілерімен, табиғат аясында және аудан орталығында түсірілген фотосуреттерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Бұған дейін жоба аясында балалар мен ата-аналарға табиғат аясында демалыс ұйымдастырылып, тәжірибелі фотографтар кәсіби фототүсірілім жүргізген болатын. Мәдени шараның шымылдығы «Ақ кербез» би тобының орындауындағы «Қаражорға» биімен ашылды. Сондай-ақ, республикалық өнер фестивальдерінің жеңімпазы Розахмет Валиев пен «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мүмкіндіктерді дамыту маңызды мәселе болып табылады. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуы, әлеуметтік бейімделуі және өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет пен қоғамның белсенділігі қажет. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Алайда жетеріне жете алмай тауы шағылып, жігері үгіліп жататындар да бар. Шарасыздық шыңырауға құлатып, одағай күйзеліс орға жықпас үшін ең алдымен баланы кішкентай кезінен бастап оңалту, бейімдеу орталықтарына жетелеген жөн дейді мамандар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген болатын. Ел Президенті айтып өткендей, балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуға тиіс.
Қазір аурудың түрлері көп. Бір-біріне ұқсас болғанымен, атаулары әр басқа. Аурулар экологияның ластануынан бастау алып, тұқым қуалаушылық, денсаулыққа немқұрайдылық таныту, жыныстық қатынастағы жұқпалы аурулар мен отбасылық жағдайдағы кикілжіңдерден де (депрессия) туындауда. Әсіресе, орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан, мидың органикалық зақымдануынан, жүктілік пен туу кезіндегі жарақаттар мен нейроинфекция әсерінен аутист балаларды дүниеге әкеліп жатқан аналар аз емес.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізуде арнайы мамандардың қызметі үлкен шеберлік пен білімді қажет етеді. Ерекше баламен ерекше білімді мамандардың жұмыс жүргізгені дұрыс. Шетелдің білікті мамандарымен тәжірибе алмаса отырып, әдістемелік құралдар әзірленсе, нұр үстіне нұр болар еді. Білікті маман іздеп, баламен сан-саққа жүгірген ата-аналарға да арнайы оңалту (анаға да, балаға да психологиялық және психикалық тұрғыдан көмек көрсететін) орталықтары көптеп ашылса нұр үстіне нұр болар еді.
Әр түрлі бұзылулары бар ерекше балалар – бұл керемет ақыл-ой күші мен басқаларға беруге дайын шексіз сүйіспеншілігі бар балалар. Ерекшеліктеріне қарамастан, олар қоғамның бір бөлігі болуға тырысады.Қоғам көбінесе мұндай балалардың әлеуетін толық түсіне бермейді немесе бағаламайды. Дегенмен, әр баланың ерекше екенін және тиісті қолдау мен назар аудара отырып, көп нәрсеге қабілетті екенін есте ұстаған жөн. Қабылдау және инклюзия тек сөзбен ғана емес, сол балалар мен олардың отбасыларының өмірін жақсартуға бағытталған нақты әрекеттер болуы керек.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат