Мерекелік шара композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Салтанатты рәсімге Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, белгілі өнер майталмандары – Светлана Айтбаева, Айжан Нұрмағанбетова, сондай-ақ мәдениет саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Фестиваль аясында Шәмші Қалдаяқовтың ел жүрегінен орын алған әндері қайта жаңғырып, аллеяға жиналған көпшілік оның «Ана туралы жыр», «Ақ маңдайлым», «Теріскей», «Бақыт құшағында», «Өмір-өзен», «Сыған серенадасы», «Кешікпей келем деп ең», «Қайықта», «Дүнген қыз», «Құшақ жайған қандай адам» сынды мәңгілік әндерін бірге шырқады.
Композитордың шығармаларын еліміздің белгілі өнер жұлдыздары — Азамат Жылтыркөзов, Светлана Айтбаева, Айжан Нұрмағанбетова, Жеңіс Ысқақова, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақбота Керімбекова сынды өнер иелері орындап, халықтың қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, гала-концертте Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының, Шымкент жастар театры мен орыс драма театрының дарынды артистері, қалалық опера және балет театрының солистері өнер көрсетті. Ал «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері мен елге танымал «Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері кеш көрігін қыздыра түсті.
«Бақыт құшағында» фестивалі – қазақ музыкасының жарық жұлдызына айналған Шәмші Қалдаяқовтың жүректерге жол тартқан әндері арқылы ел рухын асқақтатып, жұртшылық сағына күткен тағылымды мәдени шара ретінде көптің көңілінде ерекше із қалдырды.