Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралардың бірі – республикалық «Жеті қазына» мәдени-спорттық және туризм фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл онкүндік мерекелік шаралар Абай облысында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар мен қонақтардың басын қосты.
Фестиваль аясындағы ерекше жобалардың бірі – «Сұлу әйел» байқауы болды. 8 тамыз күні Қарауыл ауылындағы “Абай саябағында” өткен бұл байқауға еліміздің барлық 14 облысынан және Абай облысының 3 қала-ауданынан барлығы 24 келіншек қатысып, ұлттық болмыс пен парасат-пайым, сымбат пен сұлулық, зеректік пен шеберлік сайыстарында сынға түсті.
Байқау жеті түрлі шарт бойынша ұйымдастырылып, әрбір қатысушы өз бойындағы табиғи сұлулықты, ұлттық тәрбиені, өнер мен білімді, әдеп пен ізеттілікті паш ете білді.
Бас жүлде иегері – Шымкент қаласының намысын қорғаған Ақмарал Құдайбергенова болды! Ол өзінің көркімен ғана емес, терең ойымен, инабатты мінезімен және ұлттық болмысқа сай келбетімен ерекше көзге түсті. Ақмарал ханымның бұл жеңісі – жеке жетістік қана емес, Шымкент қаласының мәдени, рухани әлеуетінің жарқын көрінісі.
Бүгінгі қазақ әйелінің сұлулығы мен парасатының жарқын үлгісі болған Ақмарал Құдайбергенованы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!