Жыр дүлділдері жиналған сахнада айтыс өнері салтанат құрды. Айтыстың тізгінін белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ұстады.
Бұл қала мәдениеті мен руханияты ұлықталған іс-шарада елімізге танымал суырыпсалма айтыс өнерінің жүйріктері бір сахнада бас қосты. Елдік рухты көтерген, ұлт мәдениетін дәріптеп, жас буынға рухани тәрбие берген айтысқа еліміздің әр өңірінен халыққа кеңінен танымал ақындар қатысты. Олардың қатарында Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Арғынбек Қалбаев, Марат Ахметов, Ержан Әміров, Алтынкүл Қасымбекова, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов, Нұрғали Әнапия сынды айтыскерлер бар.
Осынау жыр аламанында шырайлы, шежірелі, құтты мекен Шымшаһардың өткені мен бүгіні ғана қамтылған жоқ. Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл, Өтебай Тұрманжановтың туғанына 120 жыл, қазақ айтысының аруанасы Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл, Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, Ұлы Жеңіске – 80 жыл сияқты тақырыптар арқау болды.
Арқалы ақындардың әрбірі Шымкентті жырына қосты. Шымқалаға небір теңеу арналды. Қала күнімен құттықтап, көркем де мағыналы жыр маржанын төкті.
Жеңге мен қайнының жарасымды айтысын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен Жамбыл облысынан келген Алтынкүл Қасымбекова жасады.
республикалық айтысқа қатысқан барлық ақын қал-қадерінше шапты. Халық та айтысты сағынып қалыпты. Әр ақынның оза шапқан тұсында қиқулап, қолдап, қошаметтеп отырды.
Алты жұп бір күн бойы Шымкенттің халқын атадан қалған асыл мұрамыз – айтыспен сусындатты. Жыр көрігін қыздырған аламанның нәтижесі бойынша Бас жүлдеге тігілген автокөлікті Нұрлан Есенқұлов алды. 1-орын – Жансая Мусинаға ( жүлдесі 2 миллион теңге), 2-орын – Біржан Байтуов пен Аспанбек Шұғатаевқа ( әрқайсысына 1,5 миллион теңге), 3-орынға – Дидар Қамиев пен Ержан Әміровке (әрқайсысына 1 миллион теңге) бұйырды. Әкімнің Майлықожа атындағы сыйлығын (700 мың теңге) Алтынкүл Касымбекова қанжығасына байлады. Қалған ақындарға 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
Ұлттық өнер айтыстың арқасында халықтың жүрегінде ақындардың жүрекжарды жыры мен әуезді мақамы қалды. Бұл айтыс біразға дейін көптің аузынан түспейтіні аян.