ШЫМКЕНТ: ТҰРАНДА БОЙ КӨТЕРІП ЖАТҚАН ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Тұран шағынауданында Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқынын қадағалады.

Заманауи талапқа сай бой көтеретін ғимаратта оқушылардың сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени бағытта дамуына барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғимараттың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлікке арналған автотұрағы қарастырылған.  Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, іргетасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұрғызылып, бағаналар орнатыла бастады.  

М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыстың өндірістік кестеге сай жүргізілуін бақылауға алып, сапасыздыққа жол бермес үшін жұмыс барысында тиісті талаптарды назарға алу қажеттігін ескертті.  

Айта кетейік, қалада 2025 жылға дейін тағы 3 оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жан-жақты дамытуда маңызы зор.  Бұған дейін Шымкенттің Нұрсәт шағынауданында мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат - балалар шығармашылығын дамытуға жол ашатын оқушылар сарайы ашылған болатын. 4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады. Сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабылетін дамытуға барлық жағдай жасалған.

 

ШЫМКЕНТ «АЛТЫН ТҮЙМЕ» БЕЛГІСІН АЛТЫНШЫ РЕТ ИЕЛЕНДІ

Шымкент қаласы биылғы оқу жылында да цифрлық білім беру үдерісінде республика бойынша көш бастады. Қалалық білім басқармасына қарасты орта білім беру ұйымдары элекрондық журналды жүйелі толтыруы, мектеп мәзірінің сандық нұсқасын талапқа сай жүргізуі нәтижесінде осымен алтыншы рет «Алтын түйме» белгісін иеленіп отыр. Бұған дейін жергілікті білім ұйымдары «Алтын түйме» белгілеріне 2020-2021 оқу жылында – 2 рет, 2021-2022 жылында -2 рет және 2022-2023 оқу жылының І жартыжылдығында ие болған еді.

«Алтын түйме» белгісі Kundelik.kz жүйесіндегі мәліметтер негізінде білім ұйымдарының электрондық журналдарды сапалы және уақтылы толтыруы ескеріле отырып беріледі.

 Республика кесіндісінде Шымкент қаласы цифрлық білім беру үдерісінде тағы да көш басынан көрінді.

Білім басқармасына қарасты орта білім беру ұйымдарының элекрондық журналды жүйелі толтыруы және цифрлық ақпаратты меңгеруі, цифрлық сауаттылық пен Kundelik.kz электрондық журналын жоғары деңгейде пайдаланғандығы негізінде алғаш рет ұйымдастырылған ҮЗДІК ӨҢІР марапатына ие болды.

«Сандық мұғалім көрсеткіші бойынша үздік аймақ» марапатын - оқушылардың тамақтануын автоматтандыру мен ашықтыққа бағытталған прогрессивті жұмысы үшін табыстады.

Аталған жетістіктер қала мектептерінің тиянақты жұмысы мен мол жауапкершілік таныта отырып, дамылсыз еңбектерінің жемісі болып табылады.

Барша қала педагогтерін Сүйікті Шымқаламыздың цифрландыру үдерісінде білім сапасын арттыруға қосқан орасан зор еңбектері мен кәсіби шеберліктері, күш-жігерлері үшін алғыс білдіреміз.

Біз сіздердің күнделікті жұмыстарыңызға жұмсайтын еңбекқорлықтарыңыз, шын жүректен ризамыз. Сіздердің еңбектеріңіз еліміздің заманауи білім беру жүйесін дамытудың іргелі құрамдас бөлігі болып табылады.

ЗИЯТКЕР ҰЛТ ТӘРБИЕЛЕУ — МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Химия және фармацевтикалық инженерия» кафедрасының доценті, химия ғылымдарының кандидаты Мырзабай НАРМАНОВ осылай дейді. Ол бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтжанды, отаншылдық рухы биік, зияткер ұлт тәрбиелеу — маңызды міндет екенін алға тартады. Себебі, надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеті қалыптасқан саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің ертеңін қалыптастырамыз.

 XXI ғасыр білім мен интеллект ғасыры екені айдан анық. Яғни, біз өмір сүріп отырған кезеңде еліміздің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және саясатын, бір сөзбен айтқанда, болашақ дамуын интеллектуалды адам капиталы айқындайды. Жаппай жаһандану дәуірі қоғам дамуының жаңа талаптары мен міндеттерін алға тартуда. Ғылыми-техникалық үрдістердің жылдам қарқынмен дамуы қоғамдық сананы өзгертті.  Білім мен ғылымның қоғаммен байланысы мүлде жаңа арнаға ауысты. Міне, сондықтан да қазіргідей ақпарат тасқынына адасып кетпей, бәсекелестік көшіне ілесу үшін интеллектуалды ұлт қалыптастырудың  маңызы зор болып отыр.

Зияткер ұлт қалыптастыру – ол жастарымызды жаңа формацияға тәрбиелеу. Ал, ол үшін негізгі үш бағытта әрекет ету қажет. Бірінші бағыт — білім беру сапасын заманауи талаптарға сай дамыту. Екінші бағыт — ғылымды дамыту және ғылыми әлеуетті арттыру. Үшіншісі, инновациялық даму жүйесіне басымдық беру. Осы мәселелердің қаншалықты өзекті екенін оқу-ағарту саласындағы өзгерістен-ақ байқауға болады. Яғни, білім мен ғылымды қарқынды дамыту үшін былтыр ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болып қайта құрылды. 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жоғарыда аталған бағыттарды негізге ала отырып, білім беру процесіне түрлі жаңалықтар енгізуде. Әсіресе, химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінде екінші бағыт бойынша тиімді жұмыс жүргізіліп келеді. Білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің сұранысына сай толықтырылып, зертханалар түрлі тәжірибені сынақтан өткізу үшін заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, теория мен тәжірибені ұштастыруда дуальді білім беру жүйесі сәтті түрде қолданылып отыр.

Мемлекеттің интеллектуалды әлеуетінің негізі және басты көрсеткіші  сапалы білім мен сындарлы ғылым десек, жоғары оқу орындары еліміздің білікті кадрларын қалыптастыратын және интеллектуальды әлеуетін дамытатын орта болып табылады. Бұл жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істесе, еліміз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тұрақты түрде дамиды деп сенемін. Бүгінгі экономика интеллектуалды еңбекке негізделген. Ал, интеллектуалды еңбектің қозғаушы күші — жастар. Сондықтан саяси тұрғыдан жаңарған Қазақстанда рухани дүниесі бай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің ертеңіне бей-жай қарамайтын, кәсіби шеберлігі жоғары, технологиялық процестерді меңгерген жан-жақты, зияткер ұлт тәрбиелеу —  әрбір ұстаздың міндеті деп санаймыз.

 

ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықтың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Яғни, бір уақытта 500 бала шығармашылықпен айналыса алады. Мекеме тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істейтіндіктен, жоба бойынша күніне 2000 бала қабылдануға мүмкіндік бар.

Аталған мектеп оқушылардың қабілетін шыңдап, талант көзін ашып, ой-өрісін дамытатын болады.

Тоғыз жүз мың шаршы метрді құрайтын, үш қабатты ғимараттың ішінде оқушылар үшін бассейн, күресу залы, жекпе-жек залы, үстел теннисі ойындарының залы орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма үйірмесі, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау залы бар. Ғылыми техникалық бөлігінде 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, ал гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелерін табуға болады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сонымен қатар футбол алаңы, баскетбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңы оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануға арналады.

Нысанды «BI-Global» ЖШС-і салды. Нысанның құрылысы 2021 жылдың аяғында басталды. Таяу арада Оқушылар сарайы мемлекеттік мекеме ретінде балалар игілігі үшін пайданалуға беріліп, жүзге жуық қызметкер жұмысқа тартылады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2023 жылы Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан 123,4 миллиард теңгеге 156 нысан салу жоспарланған. Қазіргі таңда 74 жобаның құрылысы басталып, 5,8 млрд теңге игерілген. Жыл соңына дейін 94 нысанның құрылсын аяқтау көзделген. Басқарманың 1-тоқсанда атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша 2 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылған. 13 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болып отыр. Сондай-ақ, 2023 жылы қаладағы 3 төтенше жағдайлар нысанның құрылысы қарқынды жүргізіледі. Атап айтатын болсақ, ӘІО 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы мен Түркістан көшесіндегі 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы, сондай-ақ, Сайрам шаған ауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосына құрылыс жүргізіледі. Сонымен қатар, Шымсити шағын ауданында 2 саябақтың құрылысы басталса, Қазыбек би көшесі, 36 мекен-жайында орналасқан денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау көзделгеліп отыр. Одан бөлек, биыл 7 білім нысанының құрылысы жүрігізілетін болады. Оның ішінде 6 нысан құрылысын жыл соңына аяқтау жоспарланған. Сонымен қоса, биылғы жылы Конгресс-холл құрылысы мен 4 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Оның ішінде «Метталург» стадионын реконструкциялау, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат салу, Бозарық шағын ауданындағы ауыр атлетика мектебінің құрылысы, Желтоқсан көшесіндегі медициналық колледждің спортзалын салу жұмыстары бар.

ШЫМКЕНТТЕ САЯБАҚТА ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ

Шымкенттегі Орталық саябақта тіл үйренуге болады.  Яғни, қала әкімдігінің қолдауымен және Alpha Academy білім гранттар орталығының ұйымдастыруымен «Тілдер саябағы» атты әлеуметтік жоба басталды. Жоба аясында 6 жастан бастап кез келген қала тұрғыны саябаққа келіп, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйрене алады. Оқытушылар – тілді жақсы меңгерген Alpha Academy орталығының еріктілері.

2016 жылы алғаш рет Алматы қаласынан бастау алған бұл жоба басқа қалалардан да қолдау тауып, Тараз, Шымкентте былтырдан бері өткізіліп келеді. Еліміздегі тіл саясатына үлес қосу, әлеуметтік жоба арқылы қазақ тілін насихаттай отырып, қатысушыларды тіл үйренуге деген ынтасын арттыруды көздеген жобаға Шымкентте де қызығушылардың қарасы көп болған. Жобаға былтыр қаламыздан 400-дей оқушы қатысып, сертификат алған екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да тіл үйренуге ынталылар саны артқан.

– Бұл – халыққа арналған тың жоба. Тіл үйретуде қатысушылардың жас шамасын ескеріп, ерекше тәсілді қолданамыз. Осы орайда, біздің оқытушыларымыз академиямыздың тіл үйрету әдісін жақсы меңгерген 10-11 сынып оқушылары. Олар ерікті түрде жаздың 3 айында Орталық саябақта сабақ өтпеді. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Біздің жастардың тіл үйрету әдісі баршаңызға ұнайды деген сенімдеміз, – дейді Alpha Academy Шымкент филиалының директоры Айгерім Шерім.

Жобаның ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қалалық Тілдерді Оқыту-Әдістемелік Орталығының директоры Гүлмира Қалыбайқызы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде осындай жобалардың керектігін атап өтті.

Айта кетейік, Шымкент қалалық тіл орталығында басқа елдерден келген қала тұрғындары да, Шымкент қаласының қонақтары да шет тілдерін үйренеді. Қазақ тілін үйренгісі келетін Ресей, Ауғанстан, Украина, Татарстан, Әзірбайжаннан келген шетел азаматтары енді бастапқы деңгейде қазақша сөйлей алады.

Сонымен қатар, орталық мамандары шетелдіктерді қазақ тілімен ғана емес, еліміздің тарихы мен өмірімен де таныстыру үшін көрікті жерлер мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырады.

Жалпы, орталықта тіл үйренгісі келетін азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер әртүрлі әдістерді қолданады және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тынымсыз еңбек етеді.

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР «ÓRLEÝ»-МЕН ТЕГІН ОҚУҒА ТҮСЕ АЛАДЫ

Академик Шахмардан Есенова атындағы ғылыми білім беру қоры жоғары (бакалавриат) оқу орнының ақысын төлеу үшін мемлекеттік немесе өзге де грантқа ие бола алмаған, аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлерге 10 грант байқауын жариялайды.

Жаратылыстану-ғылыми және техникалық ғылымдар, педагогикалық (тек жаратылыстану пәндері бойынша) бағыттары бойынша мамандықтар алу үшін қазақстандық жоғары оқу орнында оқуды жоспарлап отырған мектептің/балалар үйінің/жасөспірімдер үйінің/колледждің түлегі бағдарлама қатысушысы бола алады. Өтінімдер ерекше қажеттіліктері бар жастардан да қабылданады.
«ÓRLEÝ» (Өрлеу) бағдарламасының байқауына қатысу үшін 2023 жылғы 25 сәуір мен 14 шілде аралығында Қордың yessenovfoundation.org сайты арқылы онлайн өтінім беру қажет.
* Өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 14 шілдеде Астана уақыты бойынша сағат 15:00-де (GMT + 6). аяқталады.
Өтінімге келесі құжаттар қоса берілуі керек:

Грант ізденушінің ата-анасы және (немесе) заңды өкілі үшін міндетті құжаттар:
1. жеке куәліктің сканерленген көшірмесі;
2. зейнетақы туралы анықтама: жасы, мүгедектігі бойынша (бар болса);
3. жәрдемақы туралы анықтама: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес асыраушысынан айрылу, жұмыссыздық, АӘК және өзге де негіздер бойынша (бар болса);
4. кәсiпкерлiк объектiсiнiң болуы немесе болмауы туралы анықтама;
5. грант ізденушінің заңды өкілінен және (немесе) ата-анасынан өтінім берілген күн бойынша зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
6. тұрғын үйдің, автокөліктің, қосалқы шаруашылықтың, т.б. болуы/болмауы туралы ақпарат.

Грантқа үміткер үшін міндетті құжаттар:
1. Жеке куәліктің сканерленген көшірмесі;
2. Келесілерден тұратын мотивациялық хат (750 сөзден аспайтын):
a. өзіңіз және отбасыңыз, отбасында қанша адам тұратыны туралы ақпарат;
b. қызығушылықтары мен әуестіктері туралы;
c. жетістіктері туралы;
d. оқу ақысын төлеуге қаржылай көмек көрсету қажеттілігінің себептері туралы ақпарат;
e. білім алу үшін дәл осы мамандықты таңдау себебі;
f. таяудағы 10 жылға арналған жоспарлар туралы.
3. Орта мектепті/колледжді бітіргені туралы аттестат/диплом («жақсы және өте жақсы» деген бағаларынан төмен ізденушілердің өтінімдері қаралмайды), ҰБТ тапсырғаны туралы сертификат (ЖОО-ға түсу үшін), ЖОО студенттері үшін транскрипт;
4. Мүгедектігі туралы анықтама (бар болса);
5. Балалар үйі немесе жасөспірімдер үйі тәрбиеленушісінің анықтамасы.

Қосымша құжаттар:
1. Академиялық жетістіктері үшін грамоталар мен дипломдар – 2 данадан көп емес *;
2. Басқа жетістіктері (спорттық, шығармашылық және т.б.) үшін грамоталар мен дипломдар – 2 данадан көп емес*;
3. Соңғы үш жылдағы фото:
a. барлық отбасы мүшелері немесе олардың көпшілігі бар отбасылық (соңғы үш жылда) – 2 дана.
Қажет болған жағдайда, Қор қосымша құжаттарды талап ету құқығын өзіне қалдырады.

ШЫМКЕНТТІК ӨНЕРТАПҚЫШ ӨРЕНДЕР МЕРЕКЕДЕ ЖЕТІСТІКТЕРІН ПАШ ЕТТІ

 Шымкентте «1 маусым – Халықаралық балалалар күні» мерекесі Достық үйінде қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесімен басталды. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, талантты да дарынды балалардың жетістіктері үшін алғыс білдірді.

Көрмеге 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін паш етті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдарда робототехникаға деген қызығушылықтың жоғары екендігі байқалады. Көрмеге қатысушы «Робопарк» робототехника және бағдарламалау орталығының жетекшісі Құрақбай Олжас өздері ойлап тапқан технологияны баланы смартфонға деген тәуелділіктен арылтады, дейді.

–Қазіргі таңда балалар арасында смартфондағы ойындарға тәуелді болуы белең алып барады. Бұл баланың зейінін төмендетіп, білімге деген құштарлығын азайтатыны айтпаса да түсінікті. Осы тәуелділіктен арылтуда біз жасап шыққан роботтың көмегі зор. Ол баланың логикасы мен ұсақ моторикасын дамытып, математика, физика, информатика пәндерін ойын арқылы үйретеді. Біздің орталық 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Оқушыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып. Жақында шәкірттеріміз Оспан Айдос пен Жақыпбек Мардан олимпиадада қалалық іріктеу кезеңінен өтті, олар қазір республикалық жарысқа дайындалып жүр,- дейді О.Саматұлы.

Көрме ары қара балаларға арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Қала мектептерінің үздіктері мен белсенді оқушылары өнер көрсеткен концерттік бағдарлама көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Айта кетейік, қосымша білім беру ұйымдарында барлық үйірмелер жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында тегін жүргізіледі.

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ ҰЛТТЫҚ БІРІҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІ 10 545 ОҚУШЫ ТАПСЫРАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы оқу жылының аяқталуы туралы сөз қозғады.

– Осы оқу жылында қаламыздағы 897 білім беру ұйымдарында 399 598 оқушы тәрбиеленуде. Оның ішінде: 246 мектепте 249 544 оқушы білім алуда. Оның 11 653-і он бірінші сыныпта, ал 21 485-і тоғызыншы сыныпта. Биыл 11-сыныпты бітіруші 11 653 түлектің 10 545-і (90,4%) ҰБТ-ді тапсыратын болады. ҰБТ ағымдағы жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ-ге қатысушыларының деректер базасына тіркелуі өз бетінше 2023 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Осы аралыққа дейін тестілеуге екі рет өтініш беруге мүмкіндік берілді. Барлық тестілеу өткізу орталықтары қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сынып сағаты оқу жылының қорытындысын шығару, балаларды жазғы демалыс кезінде өзін-өзі ұйымдастыруға, ынталандыруға және тәрбиелеуге бағытталып отыр. Бірінші маусым – оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты жиынды өткізу форматын білім беру ұйымдары таңдайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары сақталады. Ал қорытынды аттестаттауға жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11 (12) сынып білім алушылары жіберіледі. Ал 9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында төрт пән бойынша: Ана тілі, Математика, Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша. Сондай-ақ 11 (12) сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында бес пән бойынша: Ана тілі, Математика, Қазақстан тарихы, Қазақ тілі және әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша, - өтеді деді Ж.Тәжиева.

Брифингте белгілі болғандай, он бірінші сыныпты бітіруші оқушылар саны - 11 653. Оның ішінде: «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер саны - 316. «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісінің берілуі: Үлгілі мінез-құлық танытқан және 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары «5» болған және жалпы орта білімі бойынша қорытынды аттестаттаудан барлық пән бойынша «5» деген бағаға өткен 11 (12) сынып бітірушілеріне жалпы орта білім туралы "Алтын белгі" аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі. Білім беру ұйымдарының «Үздік аттестатқа» берілген сұраныстарының нәтижесінде 11 сынып бойынша 641 оқушы. Сонымен қатар 9 сынып бойынша «Үздік аттестатқа» үміткер 1 158 оқушы болып отыр.

Спикердің сөзінше, жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама беріледі. Қазіргі таңда мектептерде ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Шымкентте 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын қамтуда. Оның ішінде 16 715-і қала сыртындағы, 137 555-і мектеп жанындағы лагерлерде демалатын болады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген.