Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026 21:08

Түркістан облысы: «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған білім ұясы алғашқы түлектеріне сәт-сапар тіледі

Түркістан облысының білім басқармасының Түркістан қаласының білім бөлімінің №32 жалпы білім беретін мектебінде мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, жас түлектерді маңызды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде бүгінгі жас буын – елдің жарқын болашағы екенін атап өтіп, талапты жастарға сәттілік пен үлкен өмір жолында толағай табыстар тіледі.

Салтанатты жиын барысында №32 мектеп директоры Айгүл Бабашева сөз сөйлеп, мектеп бітіріп отырған тұңғыш түлектерге сәт-сапар, үлкен өмір жолында биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар білім мен тәрбиені қатар ұстанып, ел мақтанышына айналатын азамат болуға шақырып, өзінің жүрекжарды лебізін арнады.  Іс-шарада аталған білім ордасының ұстаздары мен оқуда озат, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталды. Ата-аналар комитетінің атынан мектеп ұжымы мен ата-аналарға алғыс айтылып, жас түлектерге ақ жол тіледі.

Соңғы қоңыраудан кейін «Заң мен тәртіп – халықтық конституция құндылықтары» тақырыбындағы тәрбие сағаттары оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталды. Мектеп түлектері ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, іс-шара қимастыққа толы әсерлі сәттерге ұласты. Кештің сәнін келтіретін биші қыздар қазақтың әуезді әуендерімен мың бұрала би билеп, мерекеге ерекше рух пен көпшілік көңіліне көрік сыйлады. Айта кетейік, биыл №32 жалпы білім беретін мектебін алғаш рет 52 түлек бітірді. Оның 4-еуі «Алтын белгі» белгісіне, ал 3-еуі үздік аттестатқа үміткер атанып отыр.

Сонымен қатар осы тұста айта кетсек, Қазығұрт ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі «Білімім Отаныма!» ұранымен салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылар мен ұстаздардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қарақозы Әбдалиев ауылдық округіне қарасты «Еңбекші» жалпы білім беретін мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысып, ұстаздарға алғыс айтып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Сондай-ақ биылғы оқу жылында жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздар мен оқушыларды алғыс хаттармен марапаттады.

– Сіздер өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрсыздар. Қай саланы таңдасаңыздар да, адал болыңыздар, елімізге, туған жерімізге аянбай еңбек етіңіздер. Білім – болашақтың кілті. Сондықтан алған білімдеріңізді биік мақсаттарға жету жолында тиімді пайдалана біліңіздер. Ұстаздарыңызды ұмытпай, олардың үмітін ақтаңыздар. Болашақтарыңыз жарқын болсын, – деді аудан әкімі.Сонымен қатар аудан әкімі мектеп жанынан ашылған шахмат, робототехника және ғылыми бағыттағы үйірмелердің және мұражай жұмысымен танысып, оқушылардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, мектеп басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Еңбекші» жалпы білім беретін мектебі – сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан үлгілі білім ордаларының бірі. Мектеп ұжымы жас ұрпақты заманауи талаптарға сай жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Айта кетейік, Қазығұрт ауданы бойынша 79 мектепте 32141 оқушы білім алуда. Оның ішінде 71 мемлекеттік мектепте – 31283 оқушы, 5 жекеменшік мектепте – 858 оқушы, ал 2 дарынды балаларға арналған мектеп пен №11 санаторий типтес мектепте – 400 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында 9-сыныпты – 2680 оқушы, ал 11-сыныпты – 2003 түлек тәмамдағалы отыр. Сонымен қатар, “Алтын белгіге” үміткер – 105 оқушы, үздік аттестатқа үміткер – 161 оқушы. Бұл – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен сапалы білім беру жүйесінің нақты нәтижесі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет