Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026 18:38

Түркістан қаласында 3268 мектеп түлегі үлкен өмірге қадам басты

Түркістан қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі «Сыңғырла, соңғы қоңырау – 2026» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылып, мерекелік жиындарда оқушылар мен ұстаздардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды.

Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы Ж.Тәшенов атындағы №23 мектеп-лицейінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мерекелік шараға қатысып, педагогтер қауымын, ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде білім – ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтіп, жас ұрпаққа мемлекет тарапынан үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, түлектерге қандай салада жүрсе де адал еңбек етіп, туған жердің мерейін үстем ететін, ел үмітін ақтайтын саналы да бәсекеге қабілетті азамат болуға тілектестік білдірді. – Бүгінгі түлек – ертеңгі ел тірегі. Сіздердің сапалы білім алып, саналы тәрбиемен қалыптасуларыңыз – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының кепілі. Әрқайсыңыздың биік белестерді бағындырып, туған Түркістанның абыройын асқақтататын азамат болып қалыптасатындарыңызға сенімім мол, – деп атап өтті.

Биыл Түркістан қаласы бойынша 59 772 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 3268 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2686 түлек қатысады. Сонымен қатар, 243 оқушы «Алтын белгіге», 254 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып, білім сапасының артып келе жатқанын көрсетті. Айта кетейік, қаладағы барлық білім беру ұйымдарында өткен соңғы қоңырау салтанаты мазмұнды әрі тағылымды форматта ұйымдастырылып, шәкірттердің ұстаздарға деген құрметі мен мектепке деген ыстық ықыласын айшықтаған тәрбие сағаттарына ұласты. Мерекелік шара барысында үздік оқушылар марапатталып, ата-аналар мен ұстаздарға алғыс білдірілді.

Сондай-ақ, бүгін Жетісай ауданында оқу жылының аяқталуын айшықтайтын ең жарқын мерекелердің бірі – соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде аталып өтті. Мектеп қабырғасындағы ең қимас сәттердің бірі саналатын бұл күнде мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев, аудан әкімі Серік Мамытов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева Жетісай қаласындағы №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Олардың жарқын болашақтарына сенім білдіріп, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында ұстаздардың орны ерекше екенін атап өтті. Барша педагогтарға ризашылықтарын жеткізді.

Аталмыш білім ұясын биыл бітірген 59 оқушының 11-і «Алтын белгі», 16-сы «Үздік аттестат» үміткері. Одан бөлек, 193 оқушы бастауыш сыныпты аяқтаса, негізгі орта мектепті тәмамдаған 162 оқушының 40-ы үздік атанып отыр. Жаңа оқу жылында 170 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Аудан көлеміндегі үздік білім ошақтарының біріне айналған бұл мектеп-гимназияны соңғы бес жылда бітірген 354 түлектің 108-і «Алтын белгі», 81-і «Үздік аттестат» иегері атанған. Биыл аудандағы 76 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте 45719 оқушы, 1 негізгі орта мектепте 41 оқушы және 11 жекеменшік мектепте 1922 оқушы білім алған. 11228 бітірушінің 3062-сі жалпы орта мектепті бітірсе, 4001 оқушы негізгі орта білім туралы куәлік алады. 4165 оқушы бастауышты аяқтап, келесі білім сатысына қадам басады. 228 бітіруші «Алтын белгі», 247 бітіруші «Үздік аттестат» үміткерлері.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 23 рет