Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026 17:12

Түркістан облысы: Арыста оқу жылы қорытындыланды

Арыс қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылы аяқталып, «Білімім – Отаныма!» ұранымен салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Ашық аспан астында, мектеп аулаларында өткен мерекелік жиындарға ұстаздар, ата-аналар, түлектер мен ардагер педагогтер қатысты.

Осы орайда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев С.Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектепке арнайы барып, мектеп бітіруші түлектерді жаңа өмір белесімен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде білім мен тәрбиенің адам өміріндегі маңызына тоқталып, жас буынға алдағы өмір жолында сәттілік тіледі. Әкім шәкірттердің ұстаздар мен ата-аналардың сенімін ақтап, ел болашағына қызмет ететін білімді әрі отаншыл азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, осы мектептен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектердің туған жерге тағзым ретінде сәулеті келіскен еңселі арка орнатып берген игі ісін ерекше атап өтіп, олардың елжандылыққа негізделген бастамасына ризашылығын жеткізді.

Салтанатты жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков те сөз сөйлеп, түлектерге ақжарма тілегін арнады. Ол жастарға жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп, елдің өркендеуіне үлес қосатын білікті маман атануларына тілектестігін білдірді. Іс-шара барысында оқу озаттары мен түрлі жетістіктерге жеткен оқушылар, сондай-ақ білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздар құрметке бөленіп, Арыс қаласы әкімінің Алғыс хаттары және Грамоталарымен марапатталды. Жиын аясында бітіруші түлектер қоштасу вальсін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Оқушылардың бір легі жазғы демалысқа шықса, мектеп бітіруші жастар алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.

Осы тұста тағы бір ақпаратпен де бөлісе кетсек, Шардара қаласындағы Шардара жалпы орта мектебін 2006 жылы бітірген, 1988 жылы туған азаматтар елге үлгі боларлық игі іс жасап, мұқтаж отбасыға жаңа баспана сыйға тартты. Адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналған бұл сауапты іс көпшіліктің жүрегін тебірентті.Қайырымдылық шарасына аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов қатысып, түлектерге алғысын айтты.

«Қазақ халқы ежелден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Бүгінгі жасап отырған игі істеріңіз — бір әулетке ғана емес, тұтас қоғамға үлгі. Жомарттық — байлықпен емес, жүрекпен өлшенеді. Осындай ауызбіршілігі мықты, кең пейілді азаматтар барда елдің бірлігі де, берекесі де арта береді», деді ол. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары жомарт жандарды аудан әкімі Арман Қарсыбаевтің атынан Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый-сияпат табыстады. Көпшіліктің алғысына бөленген бұл қамқорлық шарасында іс-шара қонақтары Шардара жалпы орта мектебінің түлектеріне ризашылықтарын білдіріп, олардың бірлігі мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 20 рет