Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, барлық аудан, қала әкімдіктерінде штаб құрылғаннын айтты. Оның айтуынша, Түркістан облысында білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде педагог-психологтардың жұмысын толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда, Түлкібас, Қазығұрт ауданы мен Арыс қаласында «We Global AI платформасы» сәтті іске қосылған. Мұндай автоматтандырылған жүйелер мектеп психологтарының жұмысын тиімді етіп, нақты әрі жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды. Бұл бастама тек ірі елді мекендермен шектелмей, шалғай ауылдардағы балалардың да психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Баймұхамедова балалармен жұмыс және сауалнама қорытындысы туралы баяндама жасады. Ол өңірде оқушылардың психоэмоционалдық бақылау, алдын алу және уақытылы көмек көрсету бағытында нақты шаралар қолға алынғанын айтты. Сонымен қатар жиында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізген жұмыстар туралы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді, білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстарды жандандыруды және «WeGlobal.AI» платформасының тиімділігін арттыру, оны барлық аудандарда толыққанды іске қосу бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Цифрлық технологиялар білім беру жүйесінде білімге қолжетімділік шекарасын кеңейтіп, оның негізінде виртуалды зертханалар, дәрістік бейне курстар, онлайн-курстар құрылып, мобильді электрондық білім беру ресурстары белсенді пайдаланылуда. Нақтырақ айтсақ, педагог-психологтың цифрлы сауатты болуы – кейінгі өскелең ұрпақты әлеуметтік-психологиялық қолдау және оңтайлы бейімдеу, педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетуді тек бетпе-бет қарым-қатынас арқылы ғана емес, цифрлы байланыс арқылы да тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Цифрлы педагогика – жаңа технологияларды қолдану арқылы оқыту үдерісін жетілдіруге бағытталған білім беру әдістемесі. Оның басты рөлі – білім алушылардың оқуға деген ынтасын арттырып, оқу материалын меңгеру деңгейін жақсарту.Оның дәстүрлі оқыту әдістерімен салыстырғанда бірқатар артықшылықтары бар. Атар болсақ: Қолжетімділік және икемділік. Білім алушылар әлемнің кез келген нүктесінен оқу материалдарына қол жеткізе алады. Бұл әсіресе қашықтықтан оқытуда, икемді білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруда үлкен артықшылық береді. Уақыт пен ресурстарды үнемдеу. Электронды оқулықтар, онлайн курстар және цифрлы тапсырмалар қағаз тұтынуды азайтып, білім беру мекемелерінің шығындарын төмендетеді. Сонымен қатар, оқытушылардың материалдарды дайындауға жұмсайтын уақыты қысқарады. Ақпараттың өзектілігі мен жаңартылуы. Цифрлы платформалар арқылы оқу материалдарын жылдам жаңартуға болады. Жаңа ғылыми жетістіктер, заманауи зерттеулер мен әдістемелер оқушыларға жылдам ұсынылады.
Цифрлы педагогика қазіргі білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Цифрлы педагог тек жаңа технологияларды қолданушы ғана емес, сонымен қатар білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың оқу мотивациясын арттыруға және сапалы білім алуға жағдай жасаушы тұлға. Болашақта білім беру үдерісі одан әрі цифрланатыны сөзсіз, сондықтан цифрлы педагогтың рөлі де арта бермек. Цифрлы педагогиканың енгізілуі білім беру сапасын жақсартып, оны жаңа деңгейге көтереді. Жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды тиімді қолдана отырып, білім алушылардың жан-жақты дамуына ықпал ету - заманауи педагогтың басты міндеті. Сонымен қатар, цифрлы педагог болу - бұл тек жаңа құралдарды меңгеру ғана емес, сонымен бірге педагогикалық процестің философиясын түсініп, оны үздіксіз жетілдіру. Сондықтан әрбір педагог жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге, оқыту әдістерін жетілдіруге, білім алушылардың қажеттіліктеріне сәйкес икемделуге дайын болуы керек.
Осылайша, цифрлы педагогика білім беру үдерісін тиімдірек, қызықты әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл білім алушылардың білімге деген ынтасын арттырып, оларды болашақтағы кәсіби өмірге дайындауда маңызды рөл атқарады. Цифрлы педагог болу — бұл болашақтың педагогикасына есік ашу, үздіксіз даму мен жаңашылдыққа ұмтылу жолы.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат