Жұма, 28 Қараша 2025 17:29

Түркістан облысының 56 педагогы жаңа көшбасшылар қатарына енді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске асырып келеді.

Жоба мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және оң өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті жаңа буын көшбасшыларын даярлау. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жобаның қорытынды кезеңінде кадрлық резервке енген педагогтермен арнайы кездесіп, сертификаттар табыстады. Биыл 411 үміткер қорытынды бағалаудан өтіп, әңгімелесуге шақырылса, нәтижесінде 403 қатысушы кадрлық резервке қабылданды. Соның ең көп көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі – 56 педагог!

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында қатысушылар базалық, сараптамалық және кәсіби деңгей бойынша дайындықтан өтті.  Жобаны сәтті аяқтап, кадрлық резервке енген педагогтар бос басшылық лауазымдарға конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ тағайындалу құқығына ие болды. Айта кетсек, жоба басталғалы бері Түркістан облысының білім беру ұйымдарынан 1200-ден астам педагог бағдарламаға қатысып келеді. 2023 жылы – 26, ал 2024 жылы – 43 педагог резервке енді. Осылайша екі жыл ішінде жалпы 69 педагог (47 басшы орынбасары, 22 педагог) резервке енді. Олардың 53-і (78%) бүгінде лауазымға тағайындалған, соның ішінде 45-і – басшы, 8-і – басшының орынбасары қызметін атқарып жүр. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының педагогтары білім сапасын арттыру, басқару мәдениетін дамыту және білім беру саласында жаңа серпін қалыптастыру жолында табанды еңбек етіп келе жатқанын дәлелдейді.

Осы тұста өңірдегі білім саласына қатысты мәселелерге де тоқтала кетсек. Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 46 мың бала білім ала алатын жалпы саны 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 13-і өткен оқу жылында пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында тағы 16 мектеп оқушыларға есік ашпақ. Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен урбанизация үдерістерін ескере отырып, білім инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Сондай-ақ ауыл мен қала балаларына жайлы мектептерде білім алуына тең мүмкіндік жасалады.

Түркістан облысы – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Облыстық білім басқармасының дерегінше, қазіргі таңда 1-11 сынып аралығында 600 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын 5–7 пайызға артып келеді.«Келешек мектептері» – тек жаңа мектеп ғимараттарын салу жобасы ғана емес. Ол педагог кадрларды даярлау, цифрлық білім ресурстарын енгізу, қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыруды мақсат еткен ұлттық бастама. Жобаның түпкі мақсаты – білім беру инфрақұрылымын жаңғырта отырып, әрбір балаға сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндігін жасау. Бүгінде Түркістан облысында ашылып жатқан жаңа мектептер – осы бастаманың нақты нәтижесі. Мұнда оқушылар тек білім алып қана қоймай, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Ең бастысы – олар өз болашағына сеніммен қарайтын, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады.

Білім сапасының негізгі тетігі – білікті мұғалім екені анық. Алайда Түркістан облысында педагог кадрлар тапшылығы сақталып отыр. 2024-2025 оқу жылына дейінгі талдау көрсеткендей, облыста 1 122 педагог жетіспейді. Оның ішінде бастауыш сынып, математика, физика және ағылшын тілі пәндері бойынша тапшылық ерекше байқалады. Бұл мәселені шешу үшін биыл жас мамандарды өңірлік бағдарлама арқылы тарту жалғасуда. Облыс әкімдігі қызметке келген жас ұстаздарға бір жолғы көтерме ақы мен жалдамалы тұрғын үй ұсыну тетіктерін қарастырып жатыр. Сонымен бірге педагогтардың біліктілігін арттыру бағытында жазғы курстар мен семинарлар да ұйымдастырылды. Биылғы жылы өңірге 900-ден астам жас маман келіп, еңбек жолын бастауы күтілуде.

Жылдағыдай биыл да жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар арасында мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасы басты тақырыпқа айналған болатын. Түркістан облысында орта есеппен бір баланың толық мектепке дайындалуы 60-100 мың теңге аралығын құрап отыр. Бұл қаражат киім-кешек, аяқ киім, сөмке, кеңсе заттары мен оқулықтарды қамтиды. Әлеуметтік осал топтардан шыққан отбасыларға арналған «Мектепке жол» республикалық акциясы шеңберінде биыл 100 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Бұл көмектер жергілікті кәсіпкерлер, демеушілер мен мемлекеттік орган қолдауымен берілген. Сонымен қатар, мектеп формасының бірыңғай үлгісі сақтала отырып, отандық тігін фабрикалары арқылы сапалы өнімдер ұсынылды. Көптеген мектептер сұр, көк және қою жасыл түсті формаларды бекіткен.

Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы – ата-аналар мен мектеп әкімшілігінің ортақ уайымы. Түркістан облысында барлық мектепте бейнебақылау камералары, күзет қызметі және өрт дабыл жүйелері орнатылған. Сонымен қатар, санитарлық талаптарға сай медициналық кабинеттер, психолог мамандар мен дезинфекциялау құралдары толық дайындалды. Әсіресе, ауылдық жерлерде орналасқан мектептердің дәрігерлік қамтамасыз етілуі ерекше бақылауда. Биылғы оқу жылында да әдеттегідей эпидемиологиялық жағдайға байланысты алдын алу шаралары мен санитарлық рейдтер жалғасын тауып отыр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оқу жылы басталар алдында арнайы тексеру жүргізіп, 100 пайыз мектеп санитарлық талаптарға сайекенін растаған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 51 рет