Жұма, 03 Қазан 2025 11:43

Созақ ауданында Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды

Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Ұстаздар күніне орай «Мұғалім болу – мәртебе» атты салтанатты жиын өтті. Әсем әуен мен бүлдіршіндердің жүрекжарды өнерімен басталған шараға ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік кеште аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ұстаздарды құттықтап, қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.– Ұстаз – жас ұрпаққа білім нәрін беріп қана қоймай, болашаққа дұрыс бағыт сілтейтін тұлға. Сіздердің еңбектеріңіз – елдің ертеңіне салынған берік іргетас. Барлық ұстаздарға шын жүректен алғыс білдіріп, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев ұстаздарға ізгі тілегін жеткізіп, – «Білім – мемлекеттің болашағы десек, оны қалыптастыратын ұстаз еңбегі қашанда биік тұрады. Шәкірт тәрбиелеу жолындағы адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға ризашылық білдіремін», – деді.

Жиын барысында облыс және аудан әкімдерінің, облыстық мәслихаттың, «AMANAT» партиясының, сондай-ақ білім саласы кәсіподағының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Мерекелік жиын өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 33 рет