Шығармашылық бәйгеге Түркістанның атынан қатысқан Дәурен Тілеухан жүлделі үшінші орынға ие болды. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 80-нен астам ақын өтінім жіберген. Қорытынды кезеңге 8 ақын ғана шақырылып, өлең оқыды. Олар өз шығармалары арқылы Абай әлеміне терең бойлап, қазақ поэзиясының биік мұраттарын жаңаша жеткізуге талпынған.
Байқаудың мақсаты – Абай мұрасына деген құрметті арттыру, қазіргі қазақ поэзиясының дамуына серпін беру, жас таланттарға шабыт сыйлау және халықаралық шығармашылық байланысты нығайту. «Өлең – сөздің патшасы» атты мүшәйра – ұлы Абайдың рухани әлемін заманауи поэзия тілімен өрнектеу, жастарға үлгі-өнеге беру және ұлттық әдебиетіміздің дамуына жаңа серпін беретін тағылымды шара болып отыр» дейді ұйымдастырушылар.
Дәурен – «Түркістан» қалалық газетінің тілшісі. «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының, республикалық бірнеше мүшәйраның жеңімпазы.