– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғаннан бері Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Облыс орталығынан «Woosong» университетінің филиалын ашуды биылға жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстары қарқынды. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Біз жастарымыздың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктерді қарастыруға дайынбыз. Оқу орны ақпараттық технологиялар саласының халықаралық деңгейдегі кадрларын даярлауға мүмкіндік беретініне сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда. Жаңа ғимаратты биыл маусым айының соңында пайдалануға тапсыру көзделуде. Қазіргі таңда жұмыстар 85%-ға аяқталған. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын.
Жаңа нысандағы жұмыстармен танысқан Ғылым және жоғары білім министрі оқу орнын білікті кадрлармен қамту мәселесін жіті назарда ұстауды, жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды. Министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
ІТ университеті 4 факультеттен тұрады. Нақтырақ айтқанда, студенттер жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау, бағдарламалық қамтамасыз ету, төртінші дүниежүзілік IT өнеркәсіптік революция, мультимедиа және веб дизайн бағыттары бойынша білім алады. Жаңа оқу жылында 2 факультетті ашу жоспарлануда. Жоғарғы оқу орны 2340 студентке дейін қабылдай алады. Студенттер әлемдік деңгейде білім алып қана қоймай, халықаралық тәжірибеден өтуге, еңбек нарығында сұранысқа ие маман атануға мүмкіндік алады. Одан бөлек, «қос диплом» бағдарламасымен білімін Корея елінде жалғастыру, сол елде жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі мен Корей Республикасының «WOOSONG» білім қоры арасында Түркістан қаласында «WOOSONG» университетінің ақпараттық технологиялар саласында «Вусонг Қазақстан» университетін құру туралы келісім жасалып, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Жобаны іске асыру бойынша серіктес ретінде «BOLD Construction Group» ЖШС анықталған. «Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу» инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде бірлескен қызмет туралы келісім жасалды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат