Түркістан облысында 100-ден аса елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізіледі
Түркістан облысында жалпы 801 елді мекен бар. Оның ішінде, 794 елді мекен бас жоспармен қамтылып, қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын биыл жүзеге асыру көзделуде. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы әзірленіп, сараптамаға жолданған. Жыл соңына дейін облыс мәслихатмен бекітілмек. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың қатысуымен өткен кезекті мәжілісте талқыланды. Облыс басшысы салаға жауапты мамандарды жинап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен танысып, сәулет ісіне бей-жай қарамауды тапсырды. Бұл жұмыстар жіті қадағалауда болатынын айтты.