Қазығұрт ауданы ауылшаруашылығы саласы кеңінен дамыған аграрлы аудан болып есептеледі. Егіншілік, мал шаруашылығы, ет өнімдерін өндіру бағыттарында жыл сайын облыс көлемінде үлкен жетістіктерге жетіп, елеулі орын алады. Сондықтан болар, аудан көлемінде күн санап ауылшаруашылығымен айналысып, кәсібін жүргізуге ниеттілер саны да артып келеді. Мысалы, Шанақ ауылы округінің өзінде бүгінгі таңда 15 шағын мал бордақылау алаңдары бар десек, соның бірі Шанақ елді мекенінде орналасқан «Ергеш-ата» шаруақожалығы. Агментаев Ерлан Қаржаубайұлының төрағалығындағы шаруақожалығы 2022 жылы 100 бастық ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп, бүгінгі таңда 50 бас ірі қара бұқа бордақылап отыр. Өзінің ет өнімдерін ауыл халқына ғана емес, сонымен қатар Шымкент қаласына сатып кәсібін жүргізіп, ел экономикасына өз үлесін қосуда.