Сенбі, 28 Қаңтар 2023 15:16

Түркістан: Кәсіпті дамыту үшін не істеу керек?

Мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алу үшін қандай құжаттар жинау керек?

Егер кәсіпкер болсаңыз және бизнесіңізді дамытуға мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңіл несие алуға бел бусаңыз – құжат жинауды айналып өте алмайсыз. Ол қандай құжаттар? Бұл жайында Түркістан облысы «Даму» қорының аймақтық филиалының мамандары айтып берді.

Бұл тізім сіздің кәсіпкерлік нысаныңыздың формасына, яғни дара кәсіпкерсіз бе серіктестік қожайынысыз ба, бизнесіңіз қай салада екеніне байланысты әр түрлі. Тіпті әр банк сұрататын тізім де әрқалай болуы да ғажап емес. Банктер талап ететін негізгі, стандарт құжаттар жайында аз-кем мағлұмат:

Несие алатын тұлғаның жеке куәлігі. Егер серіктестік иесі болсаңыз – құрылтайшы куәлігі.

Несие алу үшін толтырылған анкета мен өтініш. Онда барлық жеке деректеріңіз, компанияның есеп айырысу нөмірі, экономикалық қызмет саласы, қызметкерлер саны секілді барлық деректері көрсетіледі.

Бірінші несие бюросынан есеп сұратуға келісім. Онда да компания жайлы толық мәлімет көрсетіледі.

Компанияның мемлекеттік тіркеуі, патенті, лицензиясы, жарғысы, шарттары секілді заңды құжаттары.

Соңғы үш есеп кезеңіндегі қаржылық жағдай: бухгалтерлік баланс, кіріс пен шығындар, қаржы айналымы жайлы есеп.

Салық органдарынан анықтама. Онда бюджет пен басқа да жерлерде өтелмеген қарыз, берешек жоқтығы көрсетіледі. Егер төлеп жатқан тағы бір несие болса – шарттар мен төлем кестесінің көшірмесін қоса беру керек.

Бизнес-жоспар.

Кепілге қоятын мүлік құжаттары.

Осы құжаттар пакетін қабылдаған соң банк сіздің жобаңыздың өміршеңдігін, қаржылай-экономикалық тиімділігін сараптай келе шешім қабылдайды.

Алдымен Қорға келуге де болады. Қор филиалындағы менеджерлер банкке қандай құжаттармен баратыныңызды, неден бастау керегін, бизнесіңізге қай бағдарлама ыңғайлы болатынын және әрекет ету әдістерін түсіндіріп береді. Филиалдар мекенжайын damu. kz сайтының бас бетінен таба аласыз. Немесе 1408 қысқа нөмірі арқылы анықтап алуға болады.

 

Оқылды 308 рет