Ауыл десе, екінші деңгейлі банктердің басым көпшілігі несие беруден бастарын ала қашатын. Алайда соңғы кездері керісінше ауылдық өңірлерге басымдық беріледі. Сондай басымдылыққа ие болған кәсіп орынның бірі - «Бегалы» цехы.
Күнделікті тұрмыс тіршілікте қолданылатын «Кір жуғыш ұнтақтары» мен «Шаруашылық сабын» отандық өнім шығару цехы Түркістан облысының Кәсіпкерлер Палатасы Жетісай аудандық филиалының сүйемелдеуімен іске қосылды. Атап айтар болсақ, химиялық тұтыну қоспалары арқылы жасалатын кір жуғыш ұнтақтарын жасау үшін арнайы рұқсатнама құжаттарын тиісті ұйымдар мекемелерден алу процестері Кәсіпкерлер Кеңесінде қаралып өз нәтижесін берді. Екінші деңгейлі банктерден кәсіпкерге жеңілдетілген несие қаржы алынып, қазіргі таңда жеке кәсіпкер «Бегалы» цехында 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айта кетейік, Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті қолдау жүйесі қалыптасты және әлде де қызмет етуде. Бұл мәселемен Индустрия және сауда министрлігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қаржы министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Статистика жөніндегі агенттігі және атқарушы биліктің басқа да органдары мемлекеттік деңгейде айналысады. Шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік қорлары құрылған. Дегенмен Қазақстанда шағын кәсіпкерлік қызметін қолдау бойынша қызмет ету саласы біркелкі дамып жатқан жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсететіндей, оның табысты дамуы мемлекеттік қолдауға, осы қызметтерді қажет ететін кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкерлікті дамытуды көздеген тұлғалар тең дәрежеде тәуелді. «Қазақстан-2050» стратегиясында ұлттық экономиканың жетекші күші саналатын кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға баса мән берілді. Бизнестің тынысын тарылтып тұрған әкімшілік кедергілер тағы да азайтылады, кәсіпорындардың өсіп-өркендеуіне жасанды бөгет жасайтын мемлекеттік қызметтерді жазалау механизмі қатаңдатылады. Осындай қамқорлықтың арқасында, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, аз дегенде екі есе өсуі тиіс. Тәуелсіздік алған жылдары басталған экономикалық модернизация бүгінде қолтығы сөгілген жабағыдай жұлқынып тұр. Дүркін-дүркін бағдарламалар қабылданды. Қадау-қадау жоспар, жобалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде, экономиканың екпіні артты, бойға қуат бітті. Естеріңізге сала кетейік, Үкімет 2020 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды бекіткен еді. Жоспарда шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қарастырылған."Бизнестің жол картасы–2025" бағдарламасына "микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау" бойынша жаңа бағыт енгізілдіі."Субсидиялау есебінен қаржыландыру қолжетімді болады. Мөлшерлеме 6 проценттен аспайды. Несие айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді", – деген болатын Дәленов үкімет отырысында. Айтуынша, микробизнес үшін жаңа формат бойынша оқыту енгізіледі, бұл да қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетеді. Сонымен қатар, банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиті бойынша төлем мерзімі ұзартылатын салалардың тізбесі кеңейтілді. Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетілді. "Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы қызметкерлері мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жүктемені төмендету және міндетті төлемдерді төлеуді оңайлату мәселесі пысықталуда. Салық органдарына салық есептілігін алдын ала декларациялау міндеті жүктеледі, бұл бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтады", – деді министр.