Бейсенбі, 26 Қаңтар 2023 23:14

БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАРАЛДЫ

Бүгін Келес ауданында Өңірлік кеңестің биылғы жылғы алғашқы ауқымды отырысы өтті.

Жергілікті кәсіпкерлердің көкейкесті мәселелері кең талқыланған маңызды шараға Өңірлік және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, атқарушы және уәкілетті органдардың басшылық құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды Өңірлік кеңестің төрағасы ашты.

“Бүгінгі жиынның басты мақсаты – сіздердің мәселелеріңізді тыңдау және оларды шешуге жәрдемдесу. Сонымен қатар, мәселерді шешуден бөлек, барша кәсіпкерлердің басын біріктіру мақсатын қойып отырмыз. Яғни кәсіпкерлер өздері бірігіп, мемлекеттік мекемелер немесе ұйымдардың өкілдерін шақыртып, мәселелерін жеткізе алады”, - деді Нұралы Әбішов.

Бірлескен шараның күн тәртібінде шағын және орта бизнес субъектілерін алаңдатқан өзекті сұрақтар тыңдалып, кәсіпкерлерге қысым көрсету, жұмыс барысына заңсыз араласу, әкімшілік кедергілер келтіру, негізсіз әуре-сарсаңға салу әрекеттерін болдырмау мәселелері қаралды.

«Бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемалық жағдайларға жол бермеу - Агенттік жұмысындағы жаңа бір басымдық ретінде айқындалып, бүгінгі күні кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударылуда. Бұл ретте, Департамент бизнес-қоғамдастық өкілдерімен тікелей ашық диалог орнатуға және бизнесті жүргізуге кері ықпал ететін мәселелерді бәрлесіп шешуге дайын екендігін назарларыңызға жеткізгіміз келеді» - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Керімханұлы.

Жиында кәсіпкерлер ірі қара малға, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, балық шаруашылығына берілетін несие алу шарттары мен ауылшаруашылығына бөлінетін субсидиялар, мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігі турасында өз ұсыныстарын ашық білдіріп, қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің өтеу мерзімдерін бір жылдық мерзімге кейінге шегеруге және жеңілдетілген несие қарастырылуына ықпал етуді сұрады.

“Бұл мәселелер бірнеше рет кеңес отырыстарына шығарылды, жүйелі проблемалардың бірі, қазіргі таңда балабақшаларға мониторинг жүргізіліп жатыр, соның нәтижесін күтеміз”, - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.

Келестік кәсіпкерлер тарапынан көтерілген ұсыныстар мен өтініштер тиісті мекемелердің назарына алынып, бизнес өкілдеріне құқықтық көмектер көрсетілді.

 

Оқылды 355 рет