Осындай маңызды жобалардың бірі жақында Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінде іске қосылмақ. Қытайлық Huating Biotechnology компаниясы аудан аумағында ірі қара мал сүйегін терең өңдейтін зауыт құрылысын қолға алған. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 9 млрд теңгені құрайды.Қазіргі таңда 10 гектар аумақта өндірістік кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Зауытта негізінен үш бағыт бойынша өнім шығару жоспарланған. Атап айтқанда, мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті пептон, авиаотын өндірісінде қолданылатын май және фарфор өндірісіне арналған көмір дайындалады. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап мал қанын өңдеу арқылы мал шаруашылығына қажетті жем өндіру көзделіп отыр. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна сүйек өңдеуге қауқарлы.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл өндіріс өңірдегі шикізатты терең өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, қалдықсыз өндіріс технологиясын дамытуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Huating Biotechnology компаниясының басшылығы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау жобаның жедел іске асуына оң әсер еткенін жеткізді. Айта кетейік, аталған жоба облыста жүзеге асырылып жатқан импортты алмастыруға бағытталған өндірістердің бірі. Жалпы Түркістан облысында жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге басымдық беріліп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және импортты алмастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезекте, республика және облыстың тауар айналымына, сондай-ақ өңірдің шикізаттық әлеуетіне кешенді талдау жүргізілген. 2025 жылы өңірдің сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 %-ды құрады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142%-ға ұлғайып, 2025 жылы 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. Сыртқы саудада 5 негізгі стратегиялық серіктес мемлекеттер айқындалды. Олар: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия елдері. Зерттеулердің нәтижесінде, өңір экономикасының сыртқы саудадағы құрылымында экспорттың негізгі үлесі өңделмеген бастапқы шикізат тауарларына тиесілі. Қазіргі таңда инвесторларға тек жер телімін ұсынып қоймай, нарықтың сыйымдылығы, шикізат көлемі және қаржылық көрсеткіштері есептелген дайын жобалар ұсынылуда. Осыған орай, облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне дайын шикізаттық талдаулар мен бизнес-кейстерді негізге ала отырып, өз аумақтарына импортты алмастыратын инвестиция тартуды тапсырған.
Түркістан облысы – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы көшбасшы өңір. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Өңір мақта өсіру және өңдеу, сондай-ақ жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада бірінші орында. Облыстағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 га жетіп, республикалық үлестің 72 %-ын құрап отыр. Сонымен қатар Түркістан облысы уран өндіру және өңдеу бойынша республикада ғана емес, әлемде бірінші орында. Облыстағы пайдалы қазбалар мен шикізаттық әлеует өңірде іске қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға және индустриялық кластер қалыптастыруға толық мүмкіндік береді. Шикізатты терең өңдеуді дамыту арқылы өңір кәсіпорындарының табыстылығын 3-5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Осы ретте, импортты алмастыру және шикізатты терең өңдеу мақсатында облыстың әрбір ауданы мен қаласының ерекшелігіне қарай арнайы 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға арналған дайын бизнес-кейстер қалыптастырылды. Инвесторларды қолдау және жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, дайын өндірістік алаңдар бар.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгеге (7 025 жұмыс орны), индустриялды аймақтарда 132,3 млрд теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 214 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл бағытта жалпы сомасы 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда (5 218 жұмыс орны). Осы бастама өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат