Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты күшейтуді міндеттеп, нақты тапсырмалар жүктеді. – Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру, құрылыста әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу шаралары оң үлесін қосады. Сол себептен, өңірлер кесіндісіне декомпозицияланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқаруды тапсырамын. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың мерзімінде және сапалы игерілуін қамтамасыз етіңіздер, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылғы қаңтар-сәуір айының қорытындысы мен әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 133%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 272,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5% деңгейінде қалыптасты. Тау-кен өндірісі 244,7 млрд.теңгеге немесе өсім деңгейі 117,6%-ға жетті. Жоспар толық орындалды. Ауыл шаруашылығында сәуір айының қорытындысымен 205,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 111,3%-ды құрады. Жыл басынан негізгі капиталға 470,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өсім 157,4%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 95,8 млрд теңге жетіп, өсім 110,3% деңгейінде қалыптасты.
Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың айтуынша, осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша облыс көлемінде түсімдер жоспары 105%-ға орындалып, бюджетке жоспардан тыс 22,7 млрд теңге түсім түсті. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен өзіндік кірістер есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі облыс басшысының қатаң бақылауына алынған. Жұмыстар жалғасады.
Айта кетейік, 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңгеге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да осы қарқынды сақтап, облысқа 1,7 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл көрсеткішке жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен қол жеткізіледі. Атқарылған жұмыстар өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң әсерін тигізді. Өңірдің даму әлеуетін ескере отырып, 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Нәтижесінде, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 100 млрд теңге салық түспек. Осы жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру есебінен, алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайтуды көзделіп отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат