– Түркістан – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді және бұл бағытты екі елдің Президенттері айқындап берді. Түркістан –еліміздегі ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. 2025 жылдың қорытындысымен жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, жіп иіру фабрикасы, 2 мақта өңдеу зауыты, ПВХ құбырларын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін шығару зауыттары жұмысын бастады. 32 мың гектар алқапқа жаңа технологиямен мақта егілді. Бұл бастамалар өз жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосты. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетіліп жатыр, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвесторлар тоқыма өнеркәсібін дамытуға ниетті екендерін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, тоқыма маталарын өндіру және бояу, маталарды әрлеу және киім тігу, үй текстилін өндіру, медициналық қорғаныс өнімдерін шығару, жаңа текстиль материалдарын әзірлеу, интеллектуалды және экологиялық таза тоқыма өндірісін дамыту, энергетикалық және жылумен қамтамасыз ету қызметтерін ұйымдастыру бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Осы бастама арқылы 500-700 аралығында жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Тараптар жобаларды зерделеп, нақтылап, әріптестік орнатуға уағдаласты.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауымен жүйелі жұмыстар атқарылып, ірі жобаларға қолдау көрсетілуде. Өңірде индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті тиімді пайдаланылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Мәселен, Шардарадағы «Казкрахмал» – Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеу саласындағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан өндірістердің біріне айналады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы болашақта 300 мың тоннаға дейін жетіп, әлемнің 100-ден астам серіктесімен жұмыс істеу жоспарлануда. Инвестициялық жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Бірінші кезең аясында жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы қалыптастырылса, екінші кезеңде толыққанды терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, бүгінгі таңда шикізат базасын қалыптастыру – өзекті мәселенің бірі. Осыған байланысты облыста жүгері егіс алқаптарын ұлғайту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жаңа алқаптар игеріліп, аграрлық секторды әртараптандыруға басымдық берілуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей қазіргі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Былтыр 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар былтырғы жылдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Экономика саласы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша соңғы жылдары республика өңірлерінің арасында алдыңғы қатардан орын алып келеді. Алдағы уақытта облыс басшылығы экономиканы әртараптандыру, жаңа инвестициялар тарту және өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады. Бұл өз кезегінде аймақтың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат