Осыған байланысты Мемлекет басшысының суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында биыл Сайрам ауданы бойынша 1107 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарлануда. Бүгінде ауылдық округтерден 129 агроқұрылым бойынша 948,71 гектарға жоспар жинақталды. Оның 636 гектарына тамшылатып, 312 гектарына жаңбырлатып суғару технологиясын енгізу көзделген.Бұл бағытта нақты жұмыстар басталып та кетті. Мәселен, Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ат баптау» ЖШС 92,5 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесін енгізу үшін «Жәрдем АС» МҚҰ-мен келісімшарт жасасып, қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстарын қолға алды.
Су үнемдеу технологиялары ағын суды дақылға қажетті мөлшерде және уақытылы беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың тиімділігін арттырып, бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алуға жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл шаруалардың табысын көбейтіп, топырақтың эрозияға ұшырауының алдын алады. Аталған жұмыстарға мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несие беру және бюджет есебінен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау мүмкіндігі бар. Осы ретте аудан басшылығы аудан агроқұрылымдарын мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, уақыт талабына сай озық технологияларды енгізуге шақыруда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат