Сенбі, 16 Мамыр 2026 13:24

Шардарада жүгеріні терең өңдейтін ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев индустриялық аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауытының жұмысымен танысып, өндіріс орнын аралады. Кездесу барысында зауыттың атқарушы директоры Кияшбаев Руслан өндіріс барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.

Жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын жоба Шардараның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Қазіргі таңда кәсіпорында 138 адам жұмыс істейді. Жоба толық іске қосылғанда 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.Зауыт жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге қауқарлы. Бүгінге дейін 7500 тонна жүгері қабылданып, 2500 тоннасы өңделген.

Кәсіпорында жүгеріні қабылдау және кептіру кешені, 30 мың тонналық сақтау қоймалары, дайын өнім қоймалары, әкімшілік ғимарат, жатақхана мен асхана пайдалануға берілген. Зауыт Түркияның Cemsan компаниясының заманауи құрал-жабдықтарымен толық жабдықталған.Сонымен қатар, өндіріс орны ауыз су, табиғи газ, электр энергиясы және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілуде. Зауытқа баратын асфальт жол да пайдалануға берілген.Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев мұндай ірі жобалар аудан экономикасын дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға үлкен серпін беретінін атап өтті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 27 рет