Жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайтын өндірістік парк аумағында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қажетті инфрақұрылым жүйелері толық жүргізілген. Атап айтқанда, электр энергиясы мен ауыз су желілері тартылып, аумаққа асфальт төсеу жұмыстары атқарылған. Жобаның алғашқы кезеңінде жалпы көлемі 2400 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Әр өндірістік ангардың көлемі – 480 шаршы метр. Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобаларды алдағы уақытта іске қосу нәтижесінде 63 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Атап айтқанда: «ALMEN GROUP» ЖШС – тәулігіне 5 тонна кір жуғыш ұнтақ өндіру, «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС – металл бұйымдарын, оның ішінде шеге мен сым өнімдерін шығару, «ASIA ENERGY Co» ЖШС – күн панельдеріне арналған бөлшектер өндіру, «Faced Company» ЖШС – шыны өнімдерін шығару, «Ақназар» ЖК – жартылай фабрикаттар, гидропоника және құрама жем өндірісі жобаларын іске асыруда. Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев өндірістік парк аумағында кәсіпкерлермен кездесіп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Кездесу барысында кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдап, жобаларды сапалы әрі уақытылы іске асыру бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ордабасы ауданында өткен жылы жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орны құрылғанын жеткізді. Атап айтқанда, қыш зауыты, аллюминий профилі өнімдерін өндіретін зауыт, инновациялық темірбетон өндіретін өндіріс орны ашылған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда аудан экономикасына 173,8 млрд теңге инвестиция тартылып, оның ішінде 2025 жылы 59,6 млрд теңге игерілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы да айта кетсек, 2026 жылы жалпы құны 55 млрд теңгені құрайтын 57 жоба іске асырылып, 1163 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отырғаны айтылды. Жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, энергетика және туризм салаларын қамтиды. Сонымен бірге аудан аумағында «Бадам» индустриялық аймағы мен «Темірлан» өндірістік паркін дамыту, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Қытай Халық Республикасымен бірлескен жобалар аясында өндіріс, агроөнеркәсіп және инновациялық бағыттағы бастамалар қолға алынған.
Жалпы, Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарлануда. 2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды, одан түсетін болжамды салық 5 млрд. 733 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіптегі өнім көлемін 2030 жылға 78,1 млрд.теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 млрд. теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен, 24 жоба жүзеге асырылмақ.
Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриялды аймағы құрылған. Аймақтың жалпы жер көлемі - 102,5 га. Индустриялды аймақта 15,9 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 га өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласын өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту бойынша 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысымен 83,2 млрд. теңгенің өнімін өндірілген.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат