Сенбі, 16 Мамыр 2026 09:11

Түркістан облысы: Сауранда NEET санатындағы жастарға өндіріс саласы таныстырылды

Сауран ауданында NEET санатындағы жастарға арналған «Ли Хуа» тоқыма зауытына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен Мансап орталығының бірлесуімен өтті.

Экскурсия барысында жастар өндіріс орнының жұмысымен танысып, тоқыма саласындағы технологиялық үдерістерді көрді. Сонымен қатар, кәсіпорын мамандары жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шарттары мен өндірістегі мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді. Кездесу аясында NEET санатындағы жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіби даму бағыттары түсіндірілді. Іс-шара соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, бірқатар жастар зауытта жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Мұндай шаралар жастардың кәсіби бағдарын айқындап, жұмыссыз жастарды еңбекке тартуға және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.

Бүгінде Сауран ауданы Түркістан облысындағы өндіріс саласы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Түркістан облысы Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару жобасын қолға алған. Құны 500 млн теңгені құрайтын бұл жоба аясында жылына 600 дана агродрон өндіру жоспарланған. Қазіргі таңда өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Дрондардың сынамалық үлгісі әзірленген. Сонымен қатар жобаны толық іске қосу үшін бірқатар рұқсат құжаттарын алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардан тиісті рұқсат алу процестері жалғасуда.

Бұдан бөлек, «Юпитер М» ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасының да болашағы зор деп айтуға болады. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жобаның жылдық өндірістік қуаты – 1750 тонна.Қазіргі таңда зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталып, ай сайын Өзбекстанға жөнелтілуде. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірістік инфрақұрылым толық қалыптасып, барлық қажетті жабдықтар іске қосылған.

Сауран ауданының жалпы өңірлік өнімі былтыр 36,9 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамытуда тоқтамау керек дейді облыс басшысы. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Орта кәсіпті дамыту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Былтыр жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылды.

Сауран ауданында 6 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылып жатыр. Онда 100-ге жуық шағын цех ашылып, 1 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өткен жылы Шаға ауылдық округіндегі өндірістік алаңда 40 нысанның құрылысы аяқталып, 16 цех іске қосылған. Нәтижесінде 700 азаматқа жаңа жұмыс орны ұсынылған. Қазіргі таңда Қарашық ауылында 14 цехтың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы инвестиция көлемі - 4,8 млрд теңге. Жыл соңына дейін ауылда 10 цех толықтай іске қосылмақ. Сондай-ақ, Иассы ауылдық округінде 21 өндірістік цехтың құрылысына жер телімі бөлінген. Жобаға 6,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал, Қосмезгіл ауылында 10 өндірістік цехтың ғимаратын салу жоспарланып, қазіргі таңда 3 нысанның құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Үшқайық ауылдық округінде жиһаз өндіретін 16 цех ғимаратының құрылысы жүргізілсе, Жүйнек ауылында 16 цехтың 12-сінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, Еңбекші Дихан елді мекенінде 18 цехтың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Оранғай елді мекенінде жиһаз дайындайтын 8 өндірістік ғимарат пен Шорнақ елді мекенінде құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс алаңдарын құру жоспарланып отыр. Ал, «Тұран» арнайы экономикалық аймағында уран өндіруге пайдаланылатын қажетті құбырлар шығаратын зауыт, бір реттік ыдыс дайындайтын өндірістік зауыт, диеталық қоспалар мен дәрумендер өндіретін кәсіпорын мен металл өндіру зауытының құрылысы басталған. Өңір экономикасына тың серпін беретін бірнеше жоба шетелдік компаниялармен бірлесіп те жүзеге асырылуда. Мәселен, Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінде «Euro Sandwich Panel» ЖШС-ң сендвич панель, металл конструкция дайындайтын зауытының құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, Түркия Республикасының «Occa Chair» компаниясы мен «Сейхун» ЖШС-і бірлесіп Жүйнек елді мекенінде түркиялық тәсілмен жиһаз жасау цехын іске қосты. Жалпы кәсіпкерлік саласында аудан бойынша 83 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет