Түркістан қаласында бой көтеретін демалыс кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Жоба аясында су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы мен банкет залын салу жоспарланған. Кешен отбасылық демалысты дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.Аквапарктың басты ерекшелігі – жыл мезгіліне бейімделетін инфрақұрылым. Жаз айларында су айдыны ретінде пайдаланылатын аумақ қыс мезгілінде картинг алаңына айналады деп күтіліп отыр. Осылайша нысан жыл бойы келушілерге қызмет көрсетеді деген сенім бар. Сонымен қатар мұнда биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракциондар, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және балаларға арналған интерактивті ойын аймақтары қарастырылған.
Жаңа туристік кешеннің құрылысы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайды. Жоба Түркістан өңірімен қатар, еліміздің өзге аймақтары мен шетелден келетін туристерге де қолайлы демалыс орны болмақ. Айта кетейік, Түркістан облысы инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі жобаларды жүзеге асыру қарқыны артып отыр.
Түркістан бүгінгі күні еліміздегі туризмнің маңызды орталығына айналды. Түркістан облысында туризмді дамыту тек аймақтың экономикалық өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл Қазақстанның әлемдік деңгейдегі туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Түркістан облысында туризм саласының дамуы соңғы жылдары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы жылдары Түркістан қаласында жаңа қонақүйлер, заманауи туристік кешендер және инфрақұрылымдар салынып, туристердің келуіне қолайлы жағдай жасалуда. Туризм – Түркістан облысының экономикасын әртараптандырудың маңызды бөлігі. Бұл сала аймақта көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттыруға және аймақтың жалпы ішкі өнімін көбейтуге мүмкіндік береді.
Туризм саласының дамуы қонақүйлер, мейрамханалар, көлік қызметі, гид қызметі сияқты шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етеді. Халықаралық деңгейде танымал болған тарихи орындар аймаққа шетелдік туристерді тартып, валюталық түсімдердің артуына жол ашады. Туристердің қызығушылығын арттыру үшін ұлттық өнер мен қолөнер бұйымдарын өндіру және сату жанданып келеді. Мемлекет Түркістан облысындағы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Түркістан облысы туризм саласындағы үлкен әлеуетке ие. Аймақтағы тарихи мұралар мен табиғи байлықтар тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем туристерінің назарын аударуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен жергілікті тұрғындардың белсенділігі арқасында Түркістан облысы алдағы уақытта еліміздің негізгі туристік орталықтарының біріне айналары сөзсіз. Туризмді дамыту – аймақтың экономикалық және мәдени гүлденуінің кепілі.
Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.
Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат