Жексенбі, 17 Мамыр 2026 18:57

Түркістан облысы: Жетісайдың алғашқы қауындары Ресейге жөнелтіліп жатыр

Жетісайлық шаруалар биыл 79,2 мың гектар суармалы жердің 44 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17,1 мың гектар жерге бақша, 7,5 мың жерге дәндік жүгері, 3,7 мың га жерге көкөніс пен 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын егу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде Жетісай ауданында егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп те үлгерген. Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері жер еміп, диқаншылықпен айналысып келеді.  Жалпы иелігіндегі 300 гектар жерінің 260 гектарына мақта тұқымын сеуіп, 40 гектарына қауын көшетін отырғызатын «Әл-Фараби» шаруа қожалығы жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Қожалық төрағасы иелігіндегі егістігіне қауынның «Нұр-Бакинка» сортын егіп, өнім жинауды бастады. Ақпан айының соңында отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 80 күнде дайын болып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспорттап жатыр. Баға да жаман емес, егістік басынан ешқандай делдалсыз келісін 650 теңгеден сатып жатыр.

– Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су каналдарының уақытылы тазалануының нәтижесінде тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап, ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз, – дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев. Айта кетейік, биыл аудандағы суармалы жердің 17,1 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 14,2 мың гектары қауын болса, 3 мың гектары қарбыз дақылы. Өткен жылы 16,9 гектар алқапқа егілген бақшаның 13,9 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз болған. Ал жалпы алынған өнім көлемі 510 мың тоннаны құраған.

Жалпы, Жетісай ауданы өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім көрсетті. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 267,2 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 83,6 млрд теңгеге артқан. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 119,4 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының аграрлық бағытпен қатар өңдеу саласына да біртіндеп бет бұрып келе жатқанын аңғартады.

Қазіргі таңда Жетісай ауданында 12 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Асықата кентінен 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. «Аталған аймақта биыл жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын 12 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізіледі. Олардың қатарында жылына 3 мың тонна сүт өңдейтін «АГРО СҮТ»  зауыты, 7,5 мың тонна жіп өндіретін «TST JETYSAY TEXTIL» фабрикасы және жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін өндіріс орындары бар», – дейді аудан әкімі Серік Мамытов. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2024 жылы 39,5 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 46,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 118,4%-ды құраған.

Агроөнеркәсіптік кешенде 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруа қожалығы 1 500 гектар алқаптан жылына екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Аудандағы 783 канал мен 217 қашыртқы егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 5 646 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген.

«Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ауданда үш мектеп салынды. Асықата кентіндегі 900 орындық және Ынтымақ ауылдық округіндегі 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Жетісай қаласында 1 500 орындық мектептің құрылысы аяқталу сатысында.Соңғы үш жылда 240 тұрғын баспаналы болды. Жеке инвесторлар есебінен 64 пәтерлі екі несиелік тұрғын үй салынды.

Аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газбен қамтылған. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 34,2%-ға артты. 183 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдардың 84,4%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтылған. Өткен жылы бір дәрігерлік амбулатория және алты фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Асықата кенті мен Жаңаауыл ауылдық округінде жеке инвесторлар есебінен медициналық орталықтар ашылды. Жетісай ауданындағы бұл көрсеткіштер өңірдің экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік инфрақұрылымының біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 44 рет