Жұма, 01 Мамыр 2026 11:27

Түркістан облысы: Сауран ауданында өндіріс қарқыны артып келе жатыр

Түркістан облысы Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек арнайы Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Жобалардың жүзеге асу қарқынын бағалап, жауапты тұлғалармен кездесті.

Іссапар барысында «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-ның ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару жобасына ерекше назар аударылды. Құны 500 млн теңгені құрайтын бұл жоба аясында жылына 600 дана агродрон өндіру жоспарланған. Қазіргі таңда өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Дрондардың сынамалық үлгісі әзірленген. Сонымен қатар жобаны толық іске қосу үшін бірқатар рұқсат құжаттарын алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардан тиісті рұқсат алу процестері жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттілігін жеткізді.

Бұдан бөлек, «Юпитер М» ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасы таныстырылды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жобаның жылдық өндірістік қуаты – 1750 тонна.Қазіргі таңда зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталып, ай сайын Өзбекстанға жөнелтілуде. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірістік инфрақұрылым толық қалыптасып, барлық қажетті жабдықтар іске қосылған.

Жалпы, жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары жобалардың іске асырылу деңгейін оң бағалады. Сонымен қатар жекелеген әкімшілік және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру мәселесі көтеріліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек әкімдік тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, инвесторларға сәттілік тілеп, бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

Сауран ауданының жалпы өңірлік өнімі былтыр 36,9 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамытуда тоқтамау керек дейді облыс басшысы. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Орта кәсіпті дамыту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Былтыр жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 42 рет