Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізеді. Кәсіпорынға индустриялық аймақ аумағынан жалпы көлемі 3 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс орнында заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, тәулігіне 50 тонна өсімдік майы және 65 тонна мал азығын өндіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына да серпін береді. Кәсіпорын басшысы Абдулбосид Мамадалиев зауыттың өндіріс барысымен таныстырып, алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Түркістан облысы инвестиция тартуда республика бойынша көш бастап тұр. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауымен жүйелі жұмыстар атқарылып, ірі жобаларға қолдау көрсетілуде. Өңірде индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті тиімді пайдаланылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Мәселен, Шардарадағы «Казкрахмал» – Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеу саласындағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан өндірістердің біріне айналады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы болашақта 300 мың тоннаға дейін жетіп, әлемнің 100-ден астам серіктесімен жұмыс істеу жоспарлануда.Инвестициялық жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Бірінші кезең аясында жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы қалыптастырылса, екінші кезеңде толыққанды терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, бүгінгі таңда шикізат базасын қалыптастыру – өзекті мәселенің бірі. Осыған байланысты облыста жүгері егіс алқаптарын ұлғайту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жаңа алқаптар игеріліп, аграрлық секторды әртараптандыруға басымдық берілуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей қазіргі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Былтыр 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар былтырғы жылдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Экономика саласы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша соңғы жылдары республика өңірлерінің арасында алдыңғы қатардан орын алып келеді. Алдағы уақытта облыс басшылығы экономиканы әртараптандыру, жаңа инвестициялар тарту және өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады. Бұл өз кезегінде аймақтың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат