Сенбі, 27 Желтоқсан 2025 11:30

Түркістан қаласында жылына 10 млн метр джинсы матасын өндіретін зауыттың капсуласы салынды

Түркістан облысының экономикалық ахуалын жақсарту, өңірге инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта Түркістанда кезекті жоба бастау алып, джинсы маталарын шығаратын кәсіпорынның іргетасы қаланды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.

– Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобаның іргетасы қалануда. Арнайы экономикалық аймақта «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің джинсы маталарын өндіру зауытының құрылысы басталады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Бұл ретте біз Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастап кеттік. Бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады. Солардың бірі – бүгін іргетасы қаланған зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге шығарады. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жоба толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – Түркістан облысындағы ивестиция тарту жұмыстарының жарқын жемісі. Біздің алдымызда Түркістан облысын өзін толық қамтитын әрі терең өңдеу саласы дамыған өңірге айналдыру міндеті тұр. Өйткені, Түркістан – жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы өңір. Бұл жаңа зауыт – импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба. Осы нысан іске қосылғанда Түркістан – Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналары анық. Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғысымды білдіремін! Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аталған нысанда жылына 10 млн метр джинсы маталары өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт жұмысына қажетті жабдықтар толық заманауи технологиялармен қамтылады. «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан нысан жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр.Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.

Бүгінде Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен дайындалған «Түркістан қаласының Ерекше мәртебесі» туралы Заң жобасы Парламент Мәжілісінде мақұлданып, шаһарға биыл наурыз айында ерекше мәртебе берілгені белгілі. Бұл заң киелі Түркістан қаласының одан әрі дамуына оң ықпал етпек. Облыс басышылығы жұмысты күшейтіп, тиімді жобаларды қолға алу керектігі жөнінде нақты тапсырмаларды берген.

Жалпы, Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.

Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған. Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр.  Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табатыны сөзсіз.

Түркістан жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп 22,2 мыңға жетті. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды. Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 714 рет