Жұма, 26 Желтоқсан 2025 15:22

Түркістан қаласында пластик ыдыстары мен полиэтилен пакеттерін өндіретін зауыт іске қосылды

Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймағында «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылды. Кәсіпорынның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, нысанды аралап көрді. Өңірде өндіріс саласын қарқынды дамыту жолында тынбай жұмыс істеп жатқан азаматтарға алғысын жеткізіп, экспорт көлемін ұлғайту жөнінде пікір алмасты.

– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін іске қосылып отырған бұл кәсіпорын – сол бастамалардың нәтижелі орындалып жатқанының жарқын дәлелі. Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 млрд теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады. Мұндай жобалар біздің облыстың экономикалық жағдайын жақсарта түседі. Қазіргі таңда Түркістан облысы – жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан өңір. Әрбір жаңа жоба – экономикалық өсімге үлес қосатын маңызды бастама. Осы жобаның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Біз инвесторлар мен кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Жаңа өндіріс орны өркендеп, облыс экономикасына мол үлес қоса берсін, – деді облыс басшысы Н. Көшеров.

Зауыттың жобалық құны 4 млрд. теңге. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Айта кетейік, биылғы 10 айда облыстың негізгі капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Осы орайда Түркістан қаласының экономикалық дамуы жөнінде азды-көпті әңгіме өрбітсек.. Түркі дүниесінің рухани, туристік астанасы - Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 23,9%-ға артып 2024 жылдың 1 желтоқсанында 236 954 адамды құраған. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі облыс орталығы болғалы 4,5 есе өсіп 2023 жылы 370,8 млрд.теңгені құраса, 2024 жылға өсім 14,4%-ды құрап, 452,6 млрд.теңгеге жетті.

Сондай-ақ, қала экономикасының өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда. Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылады. Тараптар жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниеттіӨңір басшысының айтуынша, бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.

Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты.  Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты.

Сала мамандары былтыр инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады. «Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткен жөн. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етері сөзсіз.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылып жатыр. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 661 рет