«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 90 мың тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге. Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта дақылын еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасаған. Шаруа қожалықтарынан қабылданған мақта шикізатының 1 келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250-270 теңге аралығында бағаланған. Биыл 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген.
Бүгінгі күнге дейін 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталса, қалған бөлігі Түркия мемлекетіне жөнелтілуде. Облыс басшысына «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы да баяндалды. Қазіргі таңда өндірістік нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Бұл бастама толық іске асса, кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіреді. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшылары мен басқарма басшыларына, аудан әкіміне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар беріп, мақта кластерін дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін айтты. Түркістан облысында мақта өңірде мақта кластерін дамыту жұмысы жалғасады.
Осы тұста айта кетсек, Түркістан облысында тамшылатып суару әдісін пайдалану арқылы төрт ірі мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Түркістан облысына инвестициялар тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік алқаптарын ұлғайту бағыттарында оң өзгерістер байқалады. Осы мақсатта қараша айында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин жұмыс сапарымен Отырар ауданындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның заманауи мақта өңдейтін кластерінің құрылыс алаңында болған еді. Сапар барысында холдинг төрағасы көпфункционалды кешеннің құрылыс жұмыстарымен танысып, Түркістан өңірінің өндірістік әлеуетін оң бағалады. Сондай-ақ тараптар агроөнеркәсіп саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Мақта кластерінде жылына 360 мың тонна шитті мақта өңдеу жоспарланған. Жалпы жоба құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Мұнда тұрмыстық және дайын тоқыма өнімдерін шығарылады. Жоба толық іске асқан жағдайда 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы аумағы 39 308 шаршы метрді қамтиды. Кешеннің инфрақұрылым жұмыстары жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Осы тұста Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы маңынан су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, мақта талшығынан жіп, мата және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын жаңа зауыт салу жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде Отырар өңірінде 32 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы мақта егілген. Алқап маңында салынатын төрт зауыттың екеуін биыл іске қосу жоспарланған, қалған екі кластердің құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі.
Сондай-ақ, таяуда ғана Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.
Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 млрд теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады, бұл туралы бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов пен Xinjiang Lihua басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Бұрын соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделуде: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.
Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады. Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың га – тамшылатып суаруды қолдану арқылы. 2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.
Мақта кластерінің дамуы тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен шектелмей, өндірістік және технологиялық стандарттарды жетілдіруге де әсер етеді. Жобаларға заманауи жабдықтар мен өндіріс процестерін енгізу арқылы өңделген өнімнің сапасы жоғары деңгейге жетеді, бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Кешеннің іске қосылуы жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы өндірістік процестерді автоматтандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдің агроөнеркәсіптік даму стратегиясын жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар, кластердің дамуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеу, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытындағы кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады. Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру өңірде тұрақты өндіріс жүйесін қалыптастыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға және жалпы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешеннің іске асырылуы тек экономикалық тұрғыдан пайда әкеліп қоймай, сонымен қатар экологиялық тиімділікті қамтамасыз етуге, су ресурстарын үнемдеуге, энергияны рационалды пайдалануға және өндірістік қалдықтарды азайтуға ықпал етеді. Жобалар суды тиімді пайдалану, энергияны үнемдеу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, бұл кешендер өңірдегі ауылдық жерлерде инвестициялық климатты жақсарту, жаңа кәсіпорындарды тарту және жергілікті қоғамды дамыту үшін маңызды. Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бағытындағы жобалар экономикалық тұрақтылықты, әлеуметтік дамуды, өндірістік қуатты арттыруды және экспорттық әлеуетті нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың бірі болып табылады. Заманауи технологияларды енгізу, өндірістік қуатты арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы облыс экономикасының тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі. Бұл жобалар ауыл шаруашылығын дамыту, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау және жалпы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді, сонымен қатар Түркістан облысын еліміздегі агроөнеркәсіптік дамудың жетекші орталығы ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап өтті. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру болып табылады. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Бұл қадам жаңа жұмыс орындарын ашуға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесімен, бірнеше маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік.
Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Президент өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан – кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат