– Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында «Састөбе» инновациялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа әк зауыты ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу бағыттарына айрықша тоқталды. Ел экономикасының негізгі басымдығы шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз өндіріс орындарын ашуға, терең өңдеу саласына басымдық бердік.Сол жұмыстар нәтижесінде облысымыз халықаралық талапқа сай заманауи зауытпен толығып отыр. Осыдан бірнеше ай бұрын сіздермен ірі кешеннің құрылысының басталуына куә болып едік. Міне, аз ғана уақыт ішінде зауыт құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, әк шығару зауыты өндірісін бастағалы отыр. Бұл Түркістан облысы ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға. Жалпы құны 180 млрд теңге болатын жоба арқылы ауданның ғана емес, облыстың өндіріс көлемі артады. Жалпы, мыңға жуық жұмыс орны ашылса, бүгінгі әк зауытының өзінде жүзге жуық жерлесіміз жұмысқа орналасуда. Осы ретте маңызды жобаны жүзеге асырған инвесторға, жауапты азаматтарға алғысымды білдіремін! Зауыт ұжымына сәттілік, денсаулық және берекелі табыс тілеймін! Жаңа зауыттар ашылып, облысымыз дами берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«Sinoma-TCDRI» компаниясының жоба басшысы Жу Сианг Го мен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов та құттықтау сөз сөйлеп, бұл өндіріс орны елімізді отандық өніммен толық қамтитынын жеткізді. Жалпы құны 180 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Биыл 32 млрд теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешені іске қосылды. «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің негізгі мақсаты – әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндірмек.
Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң ықпал етеді. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Салтанатты рәсімде облыс әкімі зауыт аумағын аралап, өндірістік үдерістермен, заманауи технологиялармен және еңбек жағдайымен танысты. Өндірістің экологиялық талаптарға сай жүргізілуі мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа экономикалық бағыт белсенді жүзеге асырылып жатыр. Өңір қысқа мерзім ішінде рекордтық инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу, агроөнеркәсіпті терең өңдеу және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап өтті. Жолдаудың басты идеясы — мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс.
Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп, өңір жаңа өндіріс орындарымен толығып жатыр. Облыс басшылығы мен аудан, қала әкімдеріне индикаторлар бекітіліп, инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашу басым бағыт болып белгіленген. Жүйелі әрі тынымсыз жұмыстар өз жемісін беріп, өңір бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, қысқамерзімді экономикалық өсім көрсеткіші мен инвестиция тартудан облыс республикада үздіктер қатарынан табылды.
Түркістан — еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Өңірде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі 33,7% деңгейінде, бұл Түркістан облысының кадрлық әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тұрақты еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Облыстың осы мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашу — өңір басшылығының негізгі басымдығы болып отыр.
— Жалпы облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл — сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Біздің басты мақсатымыз — Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, — дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Инвестициялық әлеует зерделеніп, облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленген. Энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдықтар болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі. Биыл 340 млрд теңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 10 айда 41 жоба (180 млрд тг) іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды. Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызды құрады. Шетелдік инвесторлармен келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Түркістан облысында өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргізілген. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд теңгені құрайды. — Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр — дейді облыс әкімі. Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.
Облыста жыл басынан бері 10 айда өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2443 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны — 35 млрд тг., 300 жұмыс орны); Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны — 21 млрд тг., 960 жұмыс орны); Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны — 9 млрд тг., 96 жұмыс орны) бар. Сонымен қатар Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны — 8,5 млрд тг., 150 жұмыс орны); Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны — 8 млрд тг., 150 жұмыс орны) жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында 103,5 млрд теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылмақ.
Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан — кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады. Қазір 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1175 жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша салық түседі (355 млн. теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда. Облыстағы индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.
Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылған. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілді. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысып келеді. Әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдарын құрып, кәсіпорындар мен зауыттар ашу жоспарланған.
Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі — 10,4 млрд теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті. Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосуды көзделген.
Ауыл шаруашылығында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Түркістан облысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025 -2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілген. Жол картасы аясында жалпы құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл 31 жобаны жүзеге асыру көзделіп, бүгінгі күнге 60,8 млрд теңгеге 27 жоба іске асырылып, 1030 жаңа жұмыс орны құрылған. Өңірде өнімді шикізат күйінде сатып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуге басымдық берілген. Заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып 1,1 есе ұлғайды. Тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,3 есе ұлғайды. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн. 86,9 млрд теңгеден асты. Бұл бойынша өңір республикада бірінші орында тұр.
Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде. Бірінші кезеңде, «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны 146,8 млрд теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады. Облыста жылыжай шаруашылығы қарқынды дамуда. Жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға ұлғайып, бүгінде 1 715 гектарды құрады. Түркістан облысының республикадағы үлесі 76%-ға жетті. Бүгінгі күнге, жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды.
Жылыжай шаруашылықтары соңғы жылдарда субтропикалық банан, лимон және табыстылығы жоғары құлпынай өнімдерін жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биылғы жылы жылыжай шаруашылықтарынан 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон, 13 мың тонна құлпынай өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі облысқа тиеселі (554 мың гектар).
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Жалпы облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 2,6 трлн.теңгеге 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Өңдеу, энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдықтар болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жұмыс орындары ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі. Биыл 340 млрд теңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 10 айда 41 жоба іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды. Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2%-ды құрады.
Өңір экономикасына инвестиция тарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы негізінде бекітілген көрсеткіштердің орындалуы арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ облыс көлемінде форумдармен іс-шараларды ұйымдастыру арқылы сырттан келген инвесторлармен бауырластық және ынтымақтастықты дамыту арқылы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы арқасында инвестиция тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі. Түркістан облысына биылға негізгі капиталға салынған инвестиция индикаторы 1427,1 млрд теңге көлемінде бекітілсе, 10 айының (қаңтар – қазан айлары) қорытындысымен 1178,4 млрд теңге негізгі капиталға салынған инвестициялар құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 124,2%-ға орындалды. Бекітілген жылдық жоспар орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар облысқа 2025 жылға тікелей шетелдік инвестиция көлемі $475 млн көлемінде бекітілсе, II тоқсан қорытындысымен $543,5 млн-ды құрады. Жылдық жоспар артығымен орындалды. Одан бөлек, 2025 жылдың қорытындысымен құны 340,0 млрд теңге құрайтын 8270 жаңа жұмыс орнын ашумен 58 инвестициялық жоба іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі күнге құны 180,5 млрд теңге құрайтын, 5322 жаңа жұмыс орнымен 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлік саласында 215 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс жасайды, саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында. Кәсіпкерлердің саны жыл басынан 6 674 бірлікке артып, бүгінгі таңға 215 406 бірлікті құрап отыр. Олардың ішінде 97 субъект орта бизнес санатында жұмыс жасаса, қалғандары шағын бизнес субъектілері болып табылады. Жалпы саны – 215 406 бірлік. Заңды тұлға – 14 606; жеке кәсіпкерлер – 121 953; шаруалар – 78 847. Сонымен қатар кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі сенімді өсім көрсетуде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 446,8 млрд теңгеге артып, 1 363,0 млрд теңгені құрады (2025 ж. II тоқсанына). Жыл соңына дейін өнім көлемін 2,8 трлн теңгеге жеткізу жоспарда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыруды және бюджет қаражатын үнемдеп, елге қажет нақты жобаларға жұмсау керектігін ескерткені белгілі. Жоспарға сәйкес 2026 жылға облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарын қалыптастыру барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік төлемдерді толық қарастырылып отыр. Сондай-ақ,құрылысы басталған нысандардың мерзімдерінің созылып кетпеуіне және бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында осы жобаларды аяқтауға басымдық берілген. Мемлекет басшысы биыл экономиканың өсімін 7 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасты. Экономикаға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға түсті. Өңірдің дамуы үшін облыс әкімдігі мен облыстықмәслихат ынтымақпен жұмыс істеуде.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат