Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025 19:08

Түркістан облысындағы «Қазығұрт» кеден бекеті жаңғыртудан кейін қайта іске қосылды

Елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті ашылды. Нақтырақ айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түркіменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» заманауи технологиялық өткізу пункттері пайдалануға берілді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру жөніндегі жүйелі қадам. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында орналасқан «Қазығұрт» өткізу бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.

ҚР Қаржы министрі көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, бұл бекеттің еліміз бен көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Шекаралық аймақта заманауи және тиімді инфрақұрылымды дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, сауда байланыстарын нығайту мен өңірде сенімді логистиканы қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін айтты. Нұралхан Көшеров аталған нысанның маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі. – Бұл нысан – мемлекетіміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған нақты қадамы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен «Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік хабына айналдыру» туралы стратегиялық міндеттердің жүзеге асуының көрінісі. Биыл республика көлемінде 8 кеден бекеті толық жаңғыртылып, іске қосылады. Осы бағытта облысымызда да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесі – бүгін қайта жасақталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған «Қазығұрт» кеден бекетінің ашылуы. Бекет Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды көлік дәлізінде орналасқан. Президентіміз атап өткендей, кеден саласын жаңарту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, транзиттік әлеуетті күшейтудің өзекті бағыты. Жаңғыртылған «Қазығұрт» кеден бекеті өңір экономикасының дамуына, транзиттік әлеуеттің артуына және халықаралық сауда қатынастарының нығаюына жаңа серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Іс-шара барысында шекара маңындағы инфрақұрылымды нығайту бағытындағы жұмыстар, техникалық жарақтандыру, сондай-ақ жүргізілген кешенді өзгерістер таныстырылды.Нысанды реконструкциялау жұмысы 2023 жылы басталған. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ габаритті жүйелер, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары енгізілді. Қауіпсіздік пен жайлы қозғалысты арттыру мақсатында қозғалыс ағындары жаяу жүргіншілерге, жеңіл және жүк көліктері үшін бөлінген. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған. Кеден бекеті қазіргі заманға сай техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұған дейін кеден бекеті тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі болса, бүгінде тәулігіне 1 000 жүк көлігін өткізе алады. Ал бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, өткізу пунктіндегі жүк көліктеріне арналған көлік жолақтары екі жолақтан алты жолаққа дейін артты.

Жалпы «Қазығұрт» өткізу пунктінде 2025 жылдың алғашқы 11 айының нәтижесі бойынша, кеден бекеті арқылы өткен тауар айналымы мен көлік қозғалысы айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, импорт көлемі 155,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан астам өсім көрсеткен. Ал экспорт 252,4 млн АҚШ долларына жетіп, 57%-ға артқан. Кеден бекеті арқылы өткен жүк көліктерінің саны былтырға қарағанда 4,6 мың бірлікке ұлғайып, жаңғырту нәтижесінде жүк қозғалысы жылдамдап, бақылау сапасы күшейді.Сонымен қатар «Шымкент – ӨР шек. Жібек жолы ө/п» автомобиль жолының «Қазығұрт» кеден бекетіне кіреберіс 230 метр жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша қолданыстағы жабынды бұзылып, 2 жолақты қозғалыс бөлігі 4 жолаққа дейін ұлғайтылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандыру, қоқыс жәшіктері, суағар жүйелері орнатылды. Іс-сапар соңында министр Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барып, реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, нысанды мерзімінде тапсыру қажет екенін атап өтті.

Жалпы облыстағы «Атамекен», «Б.Қонысбаев» және «Қапланбек» кеден бекеттері де толық жаңартылып, халықаралық көлік дәліздеріндегі үздіксіз және кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Сондай-ақ «Жібек жолы» өткізу пунктін толық қайта жаңғырту жұмыстары басталып, құрылысты келесі жылдың шілде айында аяқтау көзделген. Айта кетейік, Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы шекарасының жалпы ұзындығы 965 шақырымды құрайды. Қазақстан – Өзбекстан шекарасында 6 кеден бекеті мен 2 бақылау-өткізу пункті орналасқан. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республика көлемінде жаңғырту жұмыстарымен 9 автомобиль өткізу пункті қамтылды. Барлық өткізу пунктерін жаңғырту жұмыстары олардың фактілік жабылуынсыз жүргізіліп, жүк көліктерінің өтуі мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын уақытша схема бойынша қамтамасыз етілді. Нысанды жобалау кезінде заманауи технологиялық шешімдер және өткізу пунктерін жабдықтаудың үздік халықаралық тәжірибесі қолданылды. Жоба «жылдамдық, тиімді бақылау, қауіпсіздік, жайлылық» қағидаттарына негізделген.Нәтижесінде, Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысында өткізу қабілетін арттыруға және кедендік операцияларды жеделдетуге бағытталған елеулі өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы тауар айналымының едәуір өсіп, өсім 510,4 млн АҚШ долларын немесе 54%-ды құрады. Шекара арқылы орын ауыстыру көрсеткіштері артып, жүктерді өткізу уақыты 3 сағат 30 минуттан 45 минутқа дейін қысқарды. Сонымен қатар транзиттік әлеуеті артты. 132 267 транзиттік декларация ресімделіп, өсім 2 352 декларация немесе 2%-ды құрады. Кеден бекеттерінің қызметкерлері тәулік бойы 3 ауысыммен бақылау жүргізеді. Әр ауысымға шамамен 20–25 қызметкер жұмылдырылады.

Осы тұста айта кетсек, таяуда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына арнайы іссапармен барып, маңызды инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірдегі ең ірі транзиттік нүктелердің бірі – Бауыржан Қонысбаев кеден бекетінің қызметімен таныстырып, ондағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Кеден бекетінде көрсетілетін сервисті жетілдіру, жүк көліктері мен тұрғындардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар бекет маңында заңсыздықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Құқық қорғау органдарының өкілдеріне заңсыз әрекеттермен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін болдырмау мақсатында автотұрақ инфрақұрылымын дамыту, көлік ағымын реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Кеден инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет сапасын арттыру және көлік логистикасын оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына да іссапармен барып, жұмысшы топтың қатысуымен арнайы кеңес өткізді. Жиында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы қоғамдық-саяси ахуалдың алдын алу және екі ел арасындағы өзара сенімге нұқсан келтірмеу мәселелері талқыланды. Сонымен бірге, Үкіметтік селекторлық жиында көтерілген кеден бекеттерінің маңындағы жеке автотұрақтардағы келеңсіз жағдайлар да қаралды. Кеңесте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымына кіретін 8 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пунктінің жұмысын дамыту ұсыныстар айтылды. Зұлпыхар Сансызбайұлы жиын соңында тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, қатаң қадағалауда болатынын жеткізді. Кеден бекеттерінде тәртіпті қамтамасыз етіп, бекеттер аумағында санитарлық тазалықты күшейту тапсырылды. Заңсыз ақша алып, көмектесетін тұлғалардың әрекеттерін болдырмау шаралары қолға алынады. Көліктер кезегін ақысыз электронды жүйе арқылы реттеп, өткізу уақытын қысқарту қатаң бақыланады. Іссапар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сарыағаш ауданындағы Қазығұрт және Қабланбек кеден бекеттерін, Келес ауданындағы Бауыржан Қонысбаев кеден бекетін, Мақтаарал ауданындағы Атамекен кеден бекетін аралап, жұмысымен танысты. Құзырлы органдармен бірге өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Түркістан облысы Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы алтын көпірге айналған. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасындағы «Қапланбек» және «Қазығұрт» кеден бекеттеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сәйкесінше, кеден бекеттеріне кіреберіс жолдарды да кеңейту жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба әзірленіп жатыр. Аталған жобалар көліктік инфрақұрылымды дамытып, транзиттік әлеуеттің артуына оң әсер етеді. Биыл облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1 103,3 шақырым жол мен көшелер қамтылады деп күтілуде. Жыл қорытындысымен 547 шақырым жол пайдалануға берілмек. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 291,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүріп, 111,8 шақырым жол пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар 159,5 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп, жыл қорытындысымен 142,1 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, елді мекендердегі 652,7 шақырым жол жөндеуден өтіп, биыл 293,1 шақырымы пайдалануға беріледі. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 347 көше қамтылып отыр. Ал, жыл соңына дейін 130,1 шақырым көше пайдалануға беріледі. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.

Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырымды құрайды. Оның 678 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, 3983 шақырымы облыстық маңызы бар жол саналады. Ал, 1726 шақырымын аудандық маңызы жол құраса, 11 305 шақырым елді мекен көшелері бар. Бұл орайда, Түркістан облысында транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жоба қолға алынып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл аталған жолдың 52,7 шақырымы пайдалануға берілмек. Жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Кентау қаласынан тікелей Жамбыл облысы мен Созақ ауданына және Түркістан халықаралық әуежайы мен Шымкент қаласына қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 117 рет