Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025 18:48

Түркістан облысының туристік әлеуетін дамыту мәселесіне арналған жиын өтті

Түркістан облысында тарихи-мәдени бағыттарындағы туристік жобалар әлеуеті жанданады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Туристік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмысты жүйелеңіздер. Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен орындардың әлеуетін толық пайдаланған жөн. Түрлі креативті жобалар мен халықаралық деңгейдегі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастыруды назарға алып, ұсыныс беріңіздер. Бұл – нақты тапсырма. Жақында Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар ашылады. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Ертай Кенжебекұлы. Түркістан облысында өткен жылмен салыстырғанда туризмнің оң өсімі байқалады. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Туристер саны 830,1 мың адамды құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (733,2 мың адам) 13,2%-ға артты.

Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1700-ден астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сонымен қатар облыста 251 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы жауапты тұлғаларға туристер ағынын арттыру, жаңа бастамаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

Туризмнен түсетін пайда көптеген елдердің экономикасының негізгі бөлігін құрайтыны белгілі. Туризмге деген қызығушылық күшейіп келеді. Мұны осы салаға салынатын инвестиция көлемінің жыл сайын 35 пайызға көбейетінен байқауға болады. Қазақстанда туристік саланың әлеуетін дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде туристік ірі жобалардың басым бөлігі түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін иеленген Түркістан қаласында жүзеге асуда. Түркістанды ірі туристік орталыққа айналдыру көзделген. Бұл мақсат қаншалықты орындалып жатыр?

Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленген. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде ұдайы қаралып тұрады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың туристік мүмкіндігі толық қолданылмай тұрғанын айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеп келеді. Таяуда өткен сондай апталық басқосулардың бірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров – Туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар орындалуы тиіс. Жұмысты ширатыңыздар. Облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын тез арада бекітуді тапсырамын, – деген болатын. Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр.

Туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де  керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда.

Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар тұрғызылып, мәдени ошақтар салынды. Қазақстан өзінің бай табиғатымен, сырға толы өзен-көлдерімен, тау-тастарымен, орман-шөлейттерімен талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты басынан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар, шежірелі тарих болып қалмақ.

1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының  тарихи-туристік нысандары да жетерлік. Сондықтан Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің  рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан қаласы  түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда.  Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада  экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.

Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Түркістан облысы – Қазақстанның тарихи және мәдени мұраларына бай өңірі. Түркістан қаласы, оның төңірегіндегі қасиетті орындар мен туристік бағыттар әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға арналып отыр. Туризм саласының дамуы облыстың экономикалық әл-ауқатын арттырып, жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Түркістанның тарихи және мәдени ерекшеліктерін пайдаланып, туризмді дамыту қазіргі уақытта басты бағыттардың бірі болып табылады.Түркістан облысының туризм саласындағы басты ерекшелігі – оның тарихи маңызы. Қаладағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Айша бибі мен Қарнақ, Сауран, Отырар сияқты тарихи орындар мен ескерткіштер халықаралық туристер үшін үлкен қызығушылық тудырады. Түркістан қаласы ислам әлеміндегі ірі қасиетті орындардың бірі болып табылады, және оның мәдени мұрасы көптеген қажы, діндар туристерді тартуда. Сонымен қатар, облыстағы тарихи қалалар мен ескі сауда жолдары аймақтағы туризмнің артуына себепші болып отыр.

Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де,  киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр.  Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі  түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.

Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының  дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Туризм саласын дамыту үшін инфрақұрылымның маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, Түркістан облысында бірқатар жобалар қолға алынған. Қалада және оның айналасында қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік кешендер салынуда, көлік жолдары мен әуежай қызметтері жетілдірілуде. Әсіресе, Түркістан әуежайының жаңаруы мен жаңа рейстердің ашылуы халықаралық туризмнің дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыс көлемінде туристік маршруттар мен экскурсиялық бағдарламалар ұсыну арқылы туристердің келуін көбейтуге мүмкіндік бар.Туризмді дамытуда мемлекеттік қолдау мен инвестициялар үлкен маңызға ие. Түркістан облысындағы туризмнің әлеуетін арттыру үшін жергілікті билік бірнеше бастамалар мен бағдарламаларды іске асырып жатыр. Мемлекет тарапынан туристік инфрақұрылымды дамыту, маркетингтік жобаларды жүзеге асыру, арнайы салық жеңілдіктері мен гранттар ұсыну туристік бизнес өкілдеріне жеңілдіктер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет туристік бағыттар бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізіп, халықаралық нарықтарға Түркістан облысының туризмін таныстыруда.

Туризмді дамытуда мәдени шаралар мен фестивальдердің маңызды рөлі бар. Түркістан облысында халықаралық деңгейде өтетін мәдени іс-шаралар мен фестивальдер, оның ішінде өнер, музыка, киім-кешек және қолөнер жәрмеңкелері, жергілікті халықтың мәдениетін тануға мүмкіндік береді. Әр түрлі спорттық жарыстар, марафондар мен этно-мәдени шаралар туристерді тартуға және облыстың имиджін арттыруға септігін тигізеді.Түркістан облысы туризм саласындағы дамуды одан әрі жалғастыруда. Облыстың тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы әлемдік туристік нарықта танымалдыққа ие болуы мүмкін. Туризмді дамыту – бұл облыстың экономикалық өрлеуінің маңызды аспектісі, себебі ол инвестиция тартуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды және жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Түркістанның туристік инфрақұрылымын жетілдіру, мәдени шараларды ұйымдастыру және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арқылы өңірді халықаралық деңгейде танымал туристік орталыққа айналдыруға болады. 

Туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша  қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.

Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын  кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. 

Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның  арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 91 рет