Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев аудан кәсіпкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Кәсіпкерлер – ел экономикасының тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші. Сіздердің табандылықтарыңыз бен іскерліктеріңіздің арқасында ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мемлекет тарапынан бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, өңірдің өркендеуіне атсалысып жүрген барша кәсіпкерлерге алғыс айтамын», – дей келе бірқатар кәсіпкерлерге аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.
Сондай-ақ, мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіп иелерінің кеудесіне «Отырар ауданының 90 жылдығы» мерекелік төсбелгісін тақты. Кәсіпкерлерге құрмет көрсету рәсімінде кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ержан Оралбай мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Ұлан Абдрахимов, кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Нұржан Орынбасар құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарын арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Осы тұста Отырар ауданындағы кәсіпкерлік саласының дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіп ашып, ісін өрге домалатып отырған кәсіпкерлер, аудан экономикасының дамуы тұрғысында сөз етсек. Мәселен, аудан орталығында орналасқан «Бексұлтан» жеке кәсіпкерлігі термофасад өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Қазіргі таңда кәсіпкер өндірісті кеңейту мақсатында қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Бұдан өзге «Лихуа» шаруа қожалығы мақта өсірумен айналысады. Жоба «СПК Түркістан» арқылы жүзеге асырылуда. Бұл кәсіпорын жергілікті ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады.
«Отырар Сүт-Ет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт өнімдерін – шұбат пен қымыз, қымыран өндірумен айналысады. Кәсіпорын сондай-ақ агротуризм бағытын дамытуды көздеп отыр.«Махмуд» жеке кәсіпкерлігі тамақтану орны мен тойхана құрылысын бастап отыр. Кәсіпкерге жобаны жүзеге асыру үшін несие рәсімдеу бойынша сүйемелдеу қажет. Кәсіпкерлік палатасының өкілдері қаржыландыру алуға қатысты қажетті ақпарат беріп, көмек көрсетуге дайын екендерін білдіріпті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Сондай-ақ, Отырар ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Данияр Ақылов – «Бастау Бизнес» жобасының түлегі. Ол жоба аясында кәсіпкерлік білімін арттырып, өз бизнес жоспарын сәтті қорғап, Палата мамандарының сүйемелдеуімен 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 АЕК грантқа қол жеткізген. Жоба құны 3 млн теңге тұратын шағын кәсібін ашып, оның 555 мың теңгесі грант есебінен қаржыландырылған. Кәсіпкер грантты алған уақытта кішігірім цех ретінде ашылса, қазір бизнесті кеңейтіп, үлкен қойма ашқан. Сөйтіп кәсіпкер темір торларды ғана емес, тікен сымдарды да шығарып бастаған. Ал биыл Шымкент қаласынан цех ашып, қала бойынша тегін жеткізіп беру қызметін қосып отыр.
Данияр Ақыловтың айтуынша, қазіргі таңда мал және егін шаруашылығында темір торлар мен тікен сымдарға сұраныс өте жоғары. «Күніне темір тордан 300 шаршы метр, байланыс торынан 2000 шаршы метр шығарып отыр. Кәсібін кеңейту арқасында тек Отырар ауданы бойынша ғана емес, сонымен қатар, көршілес аудандарға жіберіліп, олардың сатылымы тұрақты өсіп келеді. Бұрын сырттан әкелінген болса, қазір өз елімізде шығарылатыны қуантады», – дейді кәсіпкер. Маман алдағы уақытта тек темір торлар мен тікен сымдарды шығарып қоймай, қосымша құрылысқа ең қажетті шеге, шуруп және басқа құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлап отыр екен.
Отырар – өзінің бай тарихымен, көне тартпас құндылықтарымен, даңқты перзенттерімен әлем назарын өзіне аударып, ұлттың рухани алтын қазығына айналған аудан. Ауданда алға қойған жобалар мен жоспарлы жұмыстар нәтижелі түрде жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдіктерге ел экономикасының әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді орындау бағытында Отырар ауданында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 8 елді мекенде құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылды. Нәтижесінде Ақтөбе және М.Шойманов елді мекендерінде 150 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы, 6 елді мекенде 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шәуілдір ауылындағы жаңа ықшам ауданы табиғи газға қосылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Аққұм елді мекенінде дәрігерлік амбулатория және Шытты елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өткен жылы 85 млн.теңгеге 13 жоба қаржыландырылып, биыл 670 млн. теңгеге 132 жобаны қаржыландырылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 19 маманға 7 млн. теңгеге бірреттік жәрдемақы, 4 маманға 31,4 млн. теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Шәуілдір ауылындағы 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Биыл аудандағы 8 елді мекеннің 23 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қыркүйек айында ел игілігіне беріледі деп көзделген. Ал 2 елді мекенде ауыз су құрылысы жүргізіліп, биылғы жылы пайдалануға берілді. Ш.Қалдаяқов ауылындағы жабық спорт кешенінің құрылысы 2025 жылдың қазан айында пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығы, индустрия, инвестиция және туризм – дамудың төрт тағаны
Тарихи тамыры терең Отырар ауданы бүгінде қарқынды даму мен өркендеудің жаңа белесіне қадам басуда. Ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған жүйелі жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты нәтижелермен көрініс табуда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және туризм бағыттарындағы жұмыстар тұтас бір үйлесімді жүйе ретінде өрбігені байқалады.
Индустриалды аймақ – инвестициялық тартылыс нүктесі екені анық. Отырар ауданындағы индустриалды аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шәуілдір мен Темір ауылдарының маңында орналасқан бұл аймақ тоғыз жолдың торабында орналасып, стратегиялық маңызға ие. Темір жол тұйығы, электр желісі, жол, су және кәріз жүйелері секілді инфрақұрылыммен толық қамтылған бұл аймақ кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы ортаға айналуда. 2025–2027 жылдар аралығында өнеркәсіп, өңдеу және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту жоспары жасалған. Қазірдің өзінде агроөнеркәсіп саласына бағытталған екі ауқымды жоба іске қосылуға дайын. Оның бірі – 780 млн теңге көлеміндегі инвестициямен салынатын тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін күріш өңдеу зауыты болса, екіншісі – мақтаны терең өңдейтін, құны 4,1 млрд теңге болатын жоба. Бұл кәсіпорындар іске қосылғанда 40-қа жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. 2024 жылы жалпы 33 500 гектар жерге егіс егілсе, оның ішінде 10 855 гектарға жүгері, бидай, тары және көпжылдық мал азықтық дақылдары отырғызылған. Күздік бидай 500 гектар жерге орылып, өнім жиналуда. Жалпы алғанда, 2024 жылдың қорытындысымен 35 мың гектар алқаптан 350 мың тонна ауыл шаруашылық өнімі жиналмақ. Сонымен қатар, 9,9 мың тонна ет және 27,2 мың тонна сүт өндіріліп, белгіленген межелер орындалуы жоспарлануда.
Ағымдағы жылы 400 басқа арналған сүтті ірі қара фермасы мен жем өндірісі жобалары қолға алынып, 1 000 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілмек. Бұл – ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жаңғырту бағытындағы нақты қадамдар.
Мақта кластері – өңдеу өнеркәсібінің өзегі. Отырардағы мақта шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Қытай инвесторлары 33 мың гектар жерге мақта егуді бастап кеткен. 2025–2026 жылдары жалпы құны 45,1 млрд теңге болатын 4 ірі жоба іске қосылады. Оның ішінде төрт мақта өңдеу зауыты, шағын мақта қабылдау бекеті, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен құрама жем шығару цехы бар. Бұл жобалар арқылы ауданға 2030 жылға дейін 68,6 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнім көлемі 93,8 млрд теңгеге дейін артпақ.
Әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға келер болсақ, ауданға облыс тарапынан бөлінетін трансферттік қаржы көлемі қысқарғанымен, бұл кемшілік емес, керісінше, ауданның өз-өзін қаржыландыруға қабілетті екенін көрсетеді. Инвесторлар есебінен қаржыландыру жолға қойылып, соның нәтижесінде әлеуметтік нысандар саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 2 мәдениет үйі мен 2 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Биылдың өзінде 10-нан астам әлеуметтік нысан іске қосылмақ.
Отырар ауданында туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Отырар – қазақ өркениетінің алтын бесігі. Бұл ерекшелікті экономикалық әлеуетке айналдыру үшін туризм саласына да үлкен көңіл бөлінуде. 2025–2030 жылдары аралығында үш қонақ үй құрылысы басталып, Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбені байланыстыратын 1,7 шақырым жол абаттандырылады. Осы жол бойына көркемсурет галереясы мен өлкетану музейі салынбақ. Бұл туристік әлеуетті күшейтіп, өңірге шетелдік қонақтар легін арттыратыны анық.
Экономикалық өсім мен жұмыс орындары туралы сөз етер болсақ, аудан әкімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы өңірлік өнім көлемі 80,1 млрд теңгені құраса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 159,5 млрд теңгеге жетеді. Жоспарланған 145 инвестициялық жоба негізінде 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – аудан тұрғындарының өмір сапасының артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына бағытталған нақты нәтиже.
Отырар – тек тарихи мұрасымен ғана емес, келешекке бағытталған стратегиялық қадамдарымен де маңызды өңір. Инвестициялық жобалар, ауыл шаруашылығының даму қарқыны, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістер, туризм әлеуетін арттыру – барлығы ауданның жарқын болашағына жол ашатын берік іргетас болмақ.
Ауданның жүйелі даму жолы – ауылдық өркендеудің нақты үлгісі. Көзделген межелер орындалған жағдайда Отырар өңірі еліміздің экономикалық картасында айрықша орны бар қуатты агроөнеркәсіптік және туристік аймаққа айналуы сөзсіз.
Отырар ауданында биыл жалпы құны 37 млрд 400 млн теңгені құрайтын ірі және шағын жобалардың құрылысы басталды. Жоба аясында маусымдық жұмыспен – 102 адам қамтылса, оның 67-сі тұрақты қызметке орналасты. Сондай-ақ, өңірдегі индустриалды аймаққа 2025-2026 жылдары жергілікті және шет елдік инвесторларды тарта отырып, түрлі салаларды қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласы бойынша қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай таяуда БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген болатын.
«Ауданымыздағы индустриалды аймақта тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы «Otyrar Cotton» ЖШС жұмысын бастамақ. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылады. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қуаттылығы күніне 10 тоннаға жететін күріш өңдеу зауыты мен тәулігіне 200 тонна мақта майын өндіретін зауыт құрылыстары да жүргізілмек» — дейді Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай.
2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 25,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ, биыл 54 100 гектарға егіс егу жоспарланып, жоспар 54 796 гектарға орындалған. Яғни егіс көлемі 19 795 гектарға артты.Ауданда жыл басынан бері 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 116,5% — ға орындалған. Өңір тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер орын алуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 98,6%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылса, табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 71,4%-ға жеткен.
Отырар ауданының индустриялық дамуы – мемлекеттің аймақтық даму стратегиясының табысты көрінісі. Инфрақұрылымның жаңаруы, инвестиция тарту, өндірістік кәсіпорындардың көбеюі мен агроөнеркәсіптің жаңғыруы – өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға үлкен мүмкіндік береді. Алдағы жылдары аудан тек Түркістан облысының емес, тұтас Қазақстанның маңызды индустриялық орталықтарының біріне айналуы мүмкін.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат