Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын өткізілетін «Алтын сапа» конкурсы еліміздің ең үздік өндіріс орындарын анықтауды мақсат етеді. Конкурс талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі, өнімнің жоғары стандарттарға сәйкестігі және инновациялық шешімдер басты назарға алынады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданынан «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Іскер 2025» арнайы номинациясының жеңімпазы атанды. Кәсіпорын мектеп және корпустық жиһаз өндірісімен айналысады. Басшысы - Бақтыкерей Омар Арсенұлы.
Сонымен қатар, 2025 жылы өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне 180 кәсіпорын қатысып, нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша 9 кәсіпорын жеңімпаз деп танылды. Солардың ішінде Сауран ауданын танытқан «Sem Brand» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіпорын металл қаңқалы үстелдер мен орындықтар өндірісімен айналысып, аймақтық және республикалық нарықта тұрақты сұранысқа ие өнім шығарып келеді. Басшысы – Абилов Бабыр Шереханұлы.
Бизнес саласындағы жоғары этикалық стандарттарды дәріптейтін «Адал Азамат» премиясы да өңір кәсіпорнына бұйырды.«Идеал Туркестан» ЖШС биылғы марапатқа лайық деп танылды. Пластик жиһаз өндіретін кәсіпорын экологиялық технологияларды қолдану, ашықтық қағидаларын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру бағытында үздік тәжірибеге ие. Кәсіпорын директоры - Айметов Шамшиддин Абдумажитұлы.
Сауран ауданы әкімдігі аталған үш кәсіпорынды республикалық деңгейдегі маңызды марапаттарымен құттықтайды. Бұл табыстар ауданымыздағы кәсіпкерліктің қарқынды дамуының, сапалы өнімге деген сұраныстың артуының және адал еңбек принциптерінің орнығуының нәтижесі болып табылады. Аудан алдағы уақытта да жергілікті кәсіпорындарды қолдап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
Бүгінге Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр.Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сауран ауданына қарасты Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңында 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды.Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 млрд теңге.
Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнында 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.
Сауран ауданы соңғы жылдары даму қарқынын үдетіп келеді. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат