Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаты Қайрат Пердеқұловтың бастамасымен келген қытайлық инвестор Жан Шаулин аудан аумағында құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын кірпіш зауыты жобасын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, жиынға қатысқан кәсіпкер Әлімсейіт Қошқаров осы саладағы өзінің тәжірибесімен бөлісті. Инвесторлармен пікір алмасқан аудан әкімі Арман Абдуллаев өндіріс орнын жаңадан қалыптасып жатқан «Дарбаза индустриалды аймағында» орналастыруды ұсынды. Сонымен қатар, аудан басшысы стратегиялық маңызы бар құрылыс жобалары: «Дарбаза–Мақтаарал теміржолы», сондай-ақ «айналма жол» құрылысы жөнінде ақпарат беріп, аталған жобалардың аймақтың логистикасы мен өндірістік әлеуетін арттырудағы рөлін атап өтті. Аудан әкімі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне инвесторларға тиісті аумақты таныстыру тапсырылды. Айта кетсек, ауданға жаңа инвесторлардың келуі және өндіріс нысандарының ашылуы — аудан бюджетінің ұлғаюына, экономикалық дамудың жеделдеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосады.
Сонымен бірге, Сарыағаш қаласының кіреберіс аумағында жаңа «Өндірістік парк» жобасының құрылысы басталып, қазіргі таңда қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы көлемі 6,5 гектар аумақта іргетас құю, жерді тегістеу және инженерлік-инфрақұрылымға арналған дайындық жұмыстары атқарылуда. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс орнына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар өндірістік нысандардың салынуына кәсіпкерлердің белсенді түрде атсалысуы жоспарланған. Жобаның орындалуына бақылау жасау міндеті аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелді. Айта кетсек, “Өндірістік парк” жобасы – ауданда шағын және орта бизнесті қолдау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қолға алынған маңызды бастама. Жоба аясында түрлі өндіріс орындарын орналастыру жоспарланып, кәсіпкерлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын өндірістік алаңдар ұсынылатын болады.
Кәсіпкер дегеннен шығады, Сарыағаш ауданындағы «Жабай ата» шаруа қожалығы тропикалық белдеуде ғана өсетін жемісті жерсіндіріп, жылына 200 тоннаға дейін өнім жинауда. Осыдан 3 жыл бұрын егілген лимон ағаштары бүгінде жайқалып өсіп, жеміс беріп тұр. Шаруаның айтуынша, жерді тұздылығынан айырып, жәндіктерден тазарту үшін алғашқыда қияр-қызанақ секілді өнімдер еккен. Бүгінде шаруашылықтың 12 гектар жерінде лимон ағаштары жеміс беруде. Әр гектарға 800 түп ағаш егілген. Лимон ағаштары енді 30-40 жылға дейін өнім береді. Шаруа лимон көшеттерін көршілес Өзбекстаннан әкелген. Жеміс ағаштарынан биылдың өзінде 200 тонна, ал алдағы уақытта 1 гектардан 40-50 тоннаға дейін лимон жинауды жоспарлап отыр. Өнім негізінен ішкі нарықта саудалануда. Қазіргі таңда жылыжайда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Осы тұста айта кетсек, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевқа Сарыағаш қаласы аумағындағы «Қабланбек» кеден бекеті маңын кешенді түрде дамытуға бағытталған жобалардың эскиздері таныстырылды. Жобаларды «Евразия» ЖШС мен «ARCHBUILD GROUP» ЖШС өкілдері ұсынды. Талқылау жиынына сала басшылары қатысты.— Өзбекстанмен шектесетін ауданымыздың стратегиялық маңызы өте жоғары. Кеден бекетінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ел экономикасына құятын табысты арттыруға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ауданның көліктік-логистикалық әлеуеті де жоғары деңгейде. Басты міндет — кәсіпкерлерге қолдау көрсету, туристерге қолайлы жағдай жасау, тұрғындарды жұмыспен қамту және барлық процестердің заң аясында дұрыс жүзеге асуын қамтамасыз ету. «Қабланбек» кеден бекеті негізінен жүк көліктерін өткізуге бағытталған. Ал аудандағы өзге үш кеден бекетінің де өзіндік бағыттары бар. Сондықтан объективті, әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз қажет, — деп Арман Абдуллаев, кеден аумағының стратегиялық маңызына тоқталды.
«Қабланбек» кеден бекетін дамыту аясында кеден маңындағы кәсіпкерлік нысандарына арналған аумақты абаттандыру және кеңейту, жүк және жеңіл автокөліктерге арналған заманауи автотұрақтар салу, халықаралық стандарттарға сай сауда нүктелері мен қызмет көрсету орталықтарын, сондай-ақ валюта айырбастау пункттерін ашу, логистикалық аймақты заманауи талаптарға сәйкес дамыту, экспорттық және импорттық процестерді оңтайландыру бағытында жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жобалар Түркістан облысының «Архитектура және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысына сәйкес Сарыағаш қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында әзірленуде.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат