Сенбі, 06 Желтоқсан 2025 12:06

Түркістан облысы: Сайрам ауданында өндірістік парк құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Сайрам ауданында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірде өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асуда. Соның бір айғағы – жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан шағын өндірістік парк.

Аталған өндіріс алаңында бірнеше бағыттағы цехтардың құрылысы қатар жүргізілуде. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев нысандардың құрылыс барысымен арнайы танысып, жұмыс сапасы мен мерзімінің сақталуына қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.Өндірістік парк аумағында қағаз қалдықтарын қайта өңдеу цехы салынуда. Жобаның инвестициялық құны 250 млн теңге, өндірістік қуаттылығы тәулігіне 20 тонна. Кәсіпорын іске қосылған кезде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ, сүт өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылысы жүргізілуде. Оның инвестициялық көлемі 350 млн теңгені құрайды. Цех тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы, іске қосылған соң 30 жаңа жұмыс орны ашылады.  Бұдан бөлек, өндірістік парк аумағында күн панелі арқылы электр қуатын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Нысанның қуаттылығы 200 кВт, инвестиция көлемі 50 млн теңге. Жоба іске қосылғаннан кейін 2 адам жұмыспен қамтылады. Аталған құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сайрам ауданының географиялық орны, халық санының көптігі және жұмыс күшімен қамтылуы - өңірде индустриалды аймақ ашудың қажеттілігін көрсетеді. Осы мақсатта таяуда Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев жеке инвестор Тасқынбай Бұрлыбаевпен кездесіп, Қайнарбұлақ ауылдық округі аумағында «ТАТА» индустриалды аймағын салу жобасын талқылады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің бойында орналасатын бұл индустриалды аймақтың жалпы көлемі 21 гектарды құрайды. Ал жоба құны 5 млрд теңге.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторларға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары аясында бұл жоба Сайрам ауданы үшін стратегиялық бастама болып отыр. Өйткені аудан аумағында дайын индустриалды аймақтың болуы шетелдік және отандық инвесторларды тартуды айтарлықтай жеңілдетеді. Инженерлік инфрақұрылымы толық қамтамасыз етілген, өндіріс алаңдары дайын аумаққа келуге ниетті кәсіпкерлер үшін бұл — үлкен мүмкіндік.

Индустриалды аймақтың ішінде жұмысшыларға арналған жатақхана, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, мешіт және басқа да қажеттіліктер қарастырылған.  Заманауи талаптарға сай салынатын бұл аумақта жиһаз шығаратын өндіріс орны, техника құрастыратын зауыт орналастыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрып, аудан экономикасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Сайрам ауданы үшін индустриалды аймақ — тек құрылыс жобасы емес, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тартымды орталық қалыптастыратын маңызды қадам. Ауданның қолайлы логистикасы мен адами капиталы мұндай бастаманы жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.

Осы тұста айта кетер болсақ, таяуда ғана Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум аясында қытайлық кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған келісім аясында Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы мен жергілікті «Qazaq Air Tehnology» компаниясы жоғары сапалы қыш өндіру жобасының сынақ (пробный) нұсқасын іске қосты. Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасынан арнайы келген 10 маман қыш өндіретін зауытта жергілікті тұрғындармен тәжірибе алмасып, өндірістің заманауи технологияларын үйретуде. Сонымен қатар, жобаны сапалы жүзеге асыру мақсатында Қытайдан арнайы техникалар жеткізіліп, бірлескен тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Айта кету керек, қазіргі уақытта зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Бүгінде тек сынақ режиміндегі өндіріс процесі жүргізіліп жатыр. Қосымша қажетті техникалар алдағы уақытта жеткізіліп, содан кейін зауыт толыққанды іске қосылады.

Сондайқ, сөзге тұздық ретінде айта кетсек, Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне арналған «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы өткені белгілі. Салтанатты жиында қайта өңдеу бағытын дамытуда озат аудан ретінде Сайрам ауданы танылып, аудан әкімі Мадияр Оразалиев марапатталды. Биыл Сайрам ауданында қайта өңдеу саласына 9,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге жоғары.  Бұл – аудан экономикасының өсіп, өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқанын айқын дәлелдейтін нәтиже.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 139 рет