Жұма, 05 Желтоқсан 2025 10:49

Түркістан облысында жол сервисін жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді

Республикалық жолдардағы сервис сапасын арттыру бағытындағы кешенді жұмыс аясында Түркістан облысында жол бойы қызмет көрсету нысандары ретке келтіріліп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен Түркістан–Шымкент және Шымкент–Сарығаш бағыттарында орналасқан сервистік нысандарды жаңғырту шаралары жүйелі түрде қолға алынды. Аталған жұмыстар арнайы Жұмыс тобы тарапынан бақылауға алынған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына қарасты нысандардың бірқатары қазіргі заман талаптарына сай жаңартылып, қызмет сапасы жақсартылды. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге тиесілі сервистік нысандарда да ретке келтіру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 15 нысан толық заманауи форматқа сәйкестендірілді, ал 70 нысанда жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар республикалық маңызы бар жолдардағы қызмет сапасын көтеруге және жол бойындағы инфрақұрылымды біріздендіруге бағытталған.

Жалпы, елімізде автожолдарда жыл ішінде 13 мың шақырым құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізілген, республикалық жолдардың 93%-ы нормативтік жағдайда. 2027 жылдың аяғына дейін 37 өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған. Аталған салада цифрландыру күшейтіліп жатыр. e-Joldar аясында жолдардың цифр­лық паспорттары жасалып, жыл сайын жасанды интеллект арқылы жол диагностикасы жүргізіледі. Smart Road Diagnostic System жол ақауларын 95% дәлдікпен анық­тайды. Еліміздегі ақылы жолдардағы KazToll жүйесі арқылы бюджетке 79 млрд теңге түскен. Автокө­лік­пен жүк тасымалы 288 млн тон­наға жетіп, 1,7% өскен көрі­неді. Автоматтандырылған өлшеу стан­­салары­ның арқасында заң бұзу­­шылықтарды анықтау мен бюд­­жетке түсетін түсім 10 есеге артқан.

Цифрландыруға қатысты Еуразия­лық экономикалық одақ ая­сында Қаржы және Көлік ми­нистр­­ліктерімен бірлесіп, «Транзит» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Жүйе навигация­лық пломбалар арқылы жүк қозға­лы­сын нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазір ол еліміздегі 7 теміржол стансасында және 11 автомобиль өт­кізу пунктінде қолданылады, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті мен одақ елдерінің жүйелерімен біріктірілген. Жаңа жүйе бизнес үшін бақылауды жеңілдетіп, «жалған транзиттің» алдын алса, мемлекет үшін салық пен бюджет түсімдерін арттыруға ық­пал етеді. Одақ аумағында то­лық енгізу келер жылдың ақпа­ны­на жоспарланған.

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия кеңістігіндегі басты көлік торабына айналдыру бо­йынша стратегиялық міндет қой­ғаны мәлім. Оны іске асыру үшін жүйелі шара­лар қабылданып отыр. Шетелдік серіктес­тер­мен та­р­ифтік саясат үйлесімді түрде жүргізі­ліп, жүктерді жет­кізу мерзімдері қысқартылған. Автожол инфрақұрылымын транзит­тік және халықаралық дәліздерге басымдық бере отырып жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Контейнерлік тасымал көлемі өсті. Қазақстан – Қытай шекарасында пилотсыз тасымал мен бірыңғай электрондық дек­ларацияны қамтитын «Ақылды кеден» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесін­де биыл 10 айда еліміз арқылы транзиттік тасымал көлемі 29 млн тоннадан асып, нақ­ты өсім көрсетті. Бұған қоса транзиттік жүк тасымалы үшін бәсеке күшейіп барады. «Осы орайда көлік логистикалық жүйенің қолда бар әлеуетін белсенді түрде кеңейту қажет. Бірінші кезекте халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункт­теріндегі үдеріс­терді жылдам цифр­ландыру керек. Жүк жөнелту­шілер үшін көлік логистикалық операциялардың жеделдігі, алдын ала болжау мүмкіндігі мен цифрлық ашықтығы тасымал бағытын таңдауда негізгі фактор саналады» - дейді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Прези­дент Жолдауы аясында логистикада, оның ішінде Smart Cargo эко­жүйесі де бар, толықтай цифр­лық шешімдер жүзеге асырылып жатыр. Ол жүк қозғалысына онлайн-мониторинг жүргізу мен бүкіл бағыт бойынша мемлекеттік әрі жеке цифрлық платформаларды интеграциялау мақсатын көздейді. Алайда бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып, жұмыс істеп тұрған жоқ. «Сондықтан, Көлік министрлігі мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп, келесі жыл­дың 1-сәуіріне дейін сервистер мен ақ­параттық ресурстардың толық интегра­ция­­сын аяқтауы қажет», дейді Үкімет басшысы. Жуырда өткен кеңесте Мем­лекет басшысы көлік-тасымал саласын дамыту үшін әуехабтарды дамытудың басымдығын атап өтті. Ұшу географиясын кеңейту, жаңа шетелдік әуе тасымалдаушыларды тарту, еліміздің әуежайлары арқылы жүк пен жолаушылар ағынын арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп келеді. Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, арнайы техниканы жаңарту әрі жолаушылар мен әуе компанияларына қызмет көрсету сервистерін цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі отандық әуежайларды бәсе­кеге қабілетті өңірлік хабтарға айнал­дыруға мүмкіндік бермек.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 85 рет