Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2025 17:37

Түркістан облысында мақта өсіруден бастап киім дайындауға дейінгі ауқымды кластер құрылады

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді.

Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады. Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 млрд теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады, бұл туралы бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов пен Xinjiang Lihua басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.

 Бұрын соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделуде: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.

Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады. Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады.

 Анықтама үшін айта кетер болсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың га – тамшылатып суаруды қолдану арқылы. 2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.

Соңғы жылдары Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылуда. Соның бірегейі – «Түркістан Текстиль» ЖШС қолға алған маңдайалды мақта-мата кластері. Бұл еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Жалпы құны 86,5 млрд теңгені құрайтын өндіріс кешенінде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады және экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарылады. Жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болады.– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл - Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – дейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Turkistan Textile» жобасы толық өндірістік циклге негізделген. Яғни, жоба аясында элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнім өндіру мен ішкі нарық пен экспортқа шығару көзделген. Бұндай жүйе өңірдің ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсібін тоғыстырып, макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде облыстың ІЖӨ-сінің өсуіне, салық базасының кеңеюіне және жұмыссыздықтың төмендеуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңнің өндірісін биыл іске қосу жоспарланған. Қалғаны келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Бұл жобаны Қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Компания халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 65 рет