– Аудандардың кіреберістерін сәндеуде заманауи сәулет үлгілерін ұсыныңыздар. Сәулет-құрылыс саласына жаңашылдық, белсенділік қажет. Жалпы өңірдің дизайн коды Түркістан қаласымен үндес әрі біркелкі болуы керек деп ойлаймын. Өңірдегі туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс тұстарын, шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын реттеу қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Сәулеттік кеңес отырысында Түркістан қаласына медициналық орталық салу, қазақы үлгідегі қонақүй жобасы, шаһарда шағын сәулеттік формалар салу, билер аллеясын салу және өзге де жобалар талқыланды. Сонымен бірге Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін заманауи Рәміздер алаңын салу, көше бойларына жабайы жүзім өсіріп, жазғы аптапта көлеңке мен саяны көбейту мәселесі де сөз болды. Кентаудағы базар маңын реттеу, Арыс қаласына веложол мен кәсіпкер есебінен жаңа саябақ салу мәселесі де қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.
Қазір ел аумағындағы туризм жайлы сөз қозғағанда бірден Түркістанның ойға оралатыны анық. Себеб, құрылғанына 7 жыл толған өңірде дәл осы саланы дамытуға айрықша басымдық берілген. Оның үстіне былтыр тарихы тереңге бойлаған Түркістан шаһары «Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» атанған болатын. Бұл жаңа келбетке ие болған қалаға ғана емес, тарихи-мәдени мұраға бай, табиғаты тұмса тұтас өңірге де ерекше ықпал еткені белгілі. Осыдан жиырма бесжыл бұрын бір жарым мың жылдық мерейтойын атап өткен көне шаһар бұрыннан ілім-ғылымның, руханият пен мәдениеттің, сауда-саттық пен саяхатшылардың нағыз ордасы болған. Өңірдегі жүздеген тарихи мұраларды айтпаған күннің өзінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі-ақ күллі адамзат үшін баға жетпес жәдігер болып саналады. Дегенмен, Түркістан өңірі бұл деңгейде тоқтап қалмай, күн сайын заман талабына сай өркендеп келе жатыр десек, қателеспейміз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Сонымен қатар, 2024 жылдың басынан бастап Түркістан мен Әбу-Дәби арасында бағасы қолжетімді әуе рейсі ашылды. Аптасына бірнеше рет қатынайтын бұл рейстің де өңір туризмі мен экономикасына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Тиісінше, туризмді өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде дамытуға да мүмкіндік мол болмақ.
Өңірдің туризмін шет мемлекеттерге таныстыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр наурыздың басында Берлин қаласында өтетін дәстүрлі ITB Berlin 2024 көрмесіне түркістандықтар да қатысып қайтты. Делегация құрамындағы белді ұйымдардың өкілдері өңірдің туризмінен хабар беріп, туризм саласының әлеуеті жайлы түсіндірген. Сонымен бірге, Самарқандағы форумға да, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына да Түркістан облысының өкілдері қатысты. Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілетіу үшін түрлі бастамалар қолға алынған. Жаңадан салынып жатқан нысандардың келбетіне, идеологиялық мәніне, сапасына қатаң бақылау жүргізіліп жатыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат