Сейсенбі, 02 Желтоқсан 2025 17:31

Түркістан облысының әкімі кореялық инвестормен келсіссөз жүргізді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Оңтүстік Корея мемлекетінен келген инвестор Со Вон Енмен кездесті. Тараптар әріптестікті нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру бойынша келіссөз жүргізді. Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды.

– Өңірде инвестиция тартуға басымдық беріліп отыр. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Облыста 20 индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақтар да жұмыс істеп тұр. Корея Республикасымен бірлесіп, Түркістанда ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны ашылды. Өзара түсіністік пен байланыс бар. Әріптестікті тереңдетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.Кездесуде Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, өңірде инфрақұрылым, өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, білім беру мен денсаулық сақтау салалары бойынша жүзеге асырылған және енді қолға алынатын жобалар таныстырылды.

Екі тарап инфрақұрылым – соның ішінде жол, энергетика, әлеуметтік инфрақұрылымдар және өңірдің дамуына инвестиция тарту, шетелдік компаниялармен әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Айта кетейік, биылғы 10 айда облысқа 1178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, Қытай, Иран және Өзбекстанға ресми сапарлар ұйымдастырылды. 2025-2028 жылдар аралығында облыста 111 инвестициялық жоба іске қосылып, оның нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап өткені белгілі. Жолдаудың басты идеясы ретінде мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіруді айтуға болады. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс.

Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп, өңір жаңа өндіріс орындарымен толығып жатыр. Облыс басшылығы мен аудан, қала әкімдеріне индикаторлар бекітіліп, инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашу басым бағыт болып белгіленген. Жүйелі әрі тынымсыз жұмыстар өз жемісін беріп, өңір бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, қысқамерзімді экономикалық өсім көрсеткіші мен инвестиция тартудан облыс республикада үздіктер қатарынан табылды.

Бүгінде, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл — сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Облыс басшылығының басты мақсатымемлекет басшысының тапсырмалары негізінде Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретініне сенім мол.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 65 рет