Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 22:42

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісіне Түркістан өңірінің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманмен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесіп, әріптестік орнату бағытында келіссөз жүргізді. Елшіге Түркістан өңірінің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.

– Түркі елдерінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіз. Ұлыбритания – еліміздің индустрия, энергетика, қаржы, білім, жасыл технологиялар және инновациялар салаларындағы маңызды стратегиялық серіктесі. Ұлыбританиялық «Shell» компаниясы – Қазақстанның ірі мұнай-газ жобаларына қатысатын ірі халықаралық консорциумдардың мүшесі. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан жылға артып келеді. 2024 жылдың қорытындысымен Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 886 млн. АҚШ долларын құрады. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары және басқа өңірлермен салыстырғанда жұмыс күшін ұсына алады. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Біздің өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриалды аймақтар және «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және жоғары деңгейдегі тауарларды өндіру индустриясын дамыту. Аталған салаларды дамыту үшін сіздерді бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Облыс әкімдігі тарапынан инвесторлардың бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Туризм саласы бойынша да сіздерден үйренеріміз көп. Арнайы жоспар әзірлеп, инфотур өткізуді ұсынамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси қазақ тілінде пікір алмасып, әріптестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.– Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және көрікті орындарды көрдім. Өте жақсы әсер сыйлады. Сауда және экономикалық байланыстарды жандандыру жөніндегі ұсыныстарды қарастырамыз. Сауда айналымын ұлғайтуға мүдделіміз. Инвесторларға жасалатын мүмкіндіктерді тиісті өкілдерге жеткіземіз, – деген елші Ұлыбританияға жұмыс істеуге баратын қазақстандықтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау мәселесі де назарда тұрғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде. Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты. 

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 65 рет