Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 21:27

Түркістан облысы: шетелдік инвесторлармен мұздатқыш шығаратын зауыт ашу бойынша келіссөздер жүргізілді

Түркістан облысында шетелдік инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бірлескен жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунмин және «Turan Shenhua» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты нығайту, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Бұған дейін Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын зауытты сәтті іске қосқан инвесторлар облыста мұздатқыш шығаратын зауыт ашуға қызығушылық танытып, нақты жобаларын ұсынды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.

– Қазіргі уақытта Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер бар. Сондай-ақ терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін инвесторларды салықтардан, кедендік төлемдерден босататын «Turan» арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан шетелдік компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенемін, – деді облыс басшысы.

Инвесторлар Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, кезекті жобаны қолға алуға дайын екенін жеткізді. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды, сондай-ақ мұздатқыштан бөлек, тұрмыстық техника түрлерін шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Компания мұздатқыш шығару жобасын жүзеге асыруға 5,5 млрд. теңге инвестиция салуға дайын. «TURAN Shenhua» компаниясы жұмыстарды 2026 жылы бастауды көздеп отыр. Өндіріс орны толық іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба қуаттылығы жылына – 250 мың дана. Зауытты Кентау қаласында салу жоспарлануда. Келіссөздер нәтижесінде тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.

Жалпы, Түркістан облысында жыл басынан бері 10 айда өнеркәсіп саласында 107 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2443 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд. тг., 300 жұмыс орны); Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд. тг., 960 жұмыс орны); Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд. тг., 96 жұмыс орны) бар. Сонымен қатар Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд. тг., 150 жұмыс орны); Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд. тг., 150 жұмыс орны) жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында 103,5 млрд. теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылмақ.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырғаны белгілі. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан – кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады. Қазір 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр екен. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1175 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бюджетке қосымша салық түседі (355 млн. теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда. Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 63 рет