– Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік сипатында дамып, экономика, қорғаныс және мәдениет салаларын қамтиды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3,8 млн АҚШ долларын құрады. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ұлы тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Үндістанда Тәж-Махал кесенесі бар. Осы ретте біздің халықаралық әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып, әуе рейсін ашу жолын қарастыруды ұсынамыз. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Мұнда 20 индустриалды аймақ және аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, оның қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен жобаларын барынша тиімді іске асыруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар біз «Шағын өнеркәсіптік парктерді» дамытуды жалғастырамыз. Түркістан облысы – еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Мұнда тарихи және мәдени ескерткіштер, әсем табиғи ландшафттар және сауықтыру орындары шоғырланған. Біз шетелдік компаниялардың өңірде жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангал туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытты. – Түркістан мен Шымкенттің туристік орындарын аралауға болатын арнайы турпакет әзірлеуді ұсынамыз. Өйткені Түркістан өңірінде тарихи және туристік орындар көп екенін білдік. Тарихи шаһар өте ұнады. Екіншіден, біздің елде тоқыма мен мақта кластері жақсы дамыған. Осы бағыттағы жобаларды қарастыруға дайынбыз. Индустриалды аймақтар, инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы толық мәлімет алып, әріптестікті нығайтуға күш саламыз, – деді елші.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап өткені белгілі. Жолдаудың басты идеясы ретінде мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіруді айтуға болады. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс.
Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп, өңір жаңа өндіріс орындарымен толығып жатыр. Облыс басшылығы мен аудан, қала әкімдеріне индикаторлар бекітіліп, инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашу басым бағыт болып белгіленген. Жүйелі әрі тынымсыз жұмыстар өз жемісін беріп, өңір бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, қысқамерзімді экономикалық өсім көрсеткіші мен инвестиция тартудан облыс республикада үздіктер қатарынан табылды.
Түркістан — еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Өңірде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі 33,7% деңгейінде, бұл Түркістан облысының кадрлық әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тұрақты еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Облыстың осы мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашу — өңір басшылығының негізгі басымдығы болып отыр.
Бүгінде, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл — сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Облыс басшылығының басты мақсаты — мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретініне сенім мол.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат